Талдықорғанда мұғалімдердің тамылжыған тамыз кеңесі өтті. «Тамылжыған» дейтініміз, онда өңір мектептерінде қордаланған бірде-бір мәселе көтерілген жоқ. Әйтседе, Жас Алаш тілшісіне сайтымызда жарияланған «Баталовтың мұғалімдері де құрылысшы» деген мақалаға орай өңір шенеуніктеріне сұрақ қоюдың реті келді. Олардың айтуынша, мұғалімдердің өздері де құрылысшы болуға еш қарсылық танытпайды. 

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысы, Іле ауданы, Төлеби ауылының №37 мектеп ұстаздары екі айлық жазғы демалыстарын мектепті жөндеумен өткізіп келеді. Жөндегенде де жаңа мектептің құрлысын аяқтап жатыр. Бұл нысанға бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық қаражат та бөлінген (984 477 495,20 теңге). Әсілінде, аталған ауылдағы 300 орындық мектеп былтыр пайдалануға берілуі керек болған.

Шенеуніктер құрылысшы-мұғалімдерге қатысты пікір білдірді    
Құрылысшы-мұғалімдер

Осы мәселеге орай әуелі сұрақты тамыз кеңесінің баяндамашысы, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен ЖҮНІСКЕ қойдық. Ол бірден бұл сұрақты өзінің орынбасарларына қоюды ұсынды. Алайда, «Іле ауданындағы мектеп ұстаздарының құрылысшы атануы қаншалықты заңды?» деген сұрағымызды басқарма басшысы қарамағындағыларға сілтей салды.

-Енді, сіздер бұл сұрақты аудан әкімдері мен сондағы білім бөлімі басшыларына қоймайсыздар ма? – деді білім басқармасын басқарғанына бір жылдың ар жақ-бер жағы болған Дәурен Хабдолданұлы. Сөйтті де өзінің шаруаларының қауырт екенін айтып «тайып» тұрды. 

Бізге облыстық білім басқарма басшысының неге қысқа қайырғаны түсініксіз.Бәлкім, мұғалімдердің еңбекшарттарында көрсетілмеген жұмыспен айналысуы шененунікке ұсақ мәселе болып көрінді ме екен? Әлде, Дәурен Хабдолданұлының ұстаздары сылақ жағып, еден мен терезе жуып, қоқыс теріп, кірпіш көтеріп ұстаздықпен қатар құрлысшылықты қатар алып жүрді ме? 

Қош, бұдан соң  Дәурен мырзаның «ақылымен» Іле ауданы әкімі Қыдыргелді МЕДЕУОВКЕ де жолықтық. Ол мұғалімдердің жұмысқа тартылу себебін екі мердігер компанияның арасындағы кикілжіңмен түсіндірді. Себебі, аталған екі тарапта өзара сотқа жүгінгендіктен, жұмысшылар заңды жалақысынан қағылған. Бірақ аудан басшысы еш саспаған. Мұғалімдер дейтін тегін жұмыс күшін пайдалануға көшіпті.     

Мердігер – «Дуит-Телеком» ЖШС. Қосалқы мердігер «SHAKSHAM GROUP» ЖШС. Оның басшысы – Ғалымжан ТІЛЕМІСОВ. Авторлық қадағалауды «Арлан Жоба» ЖШС-іне (2 071 720 теңге) тиесілі. Директоры – Валерий АНН. Техникалық бақылауға жауап беретін – «Алатау» компаниясы (3 515 460 теңге). Оның басшысы –Эдуард НАГИЕВ.

Ең қызығы, Қыдыркелді Медеуов бұл әрекеттерін 1-қыркүйекте мектептің ашылуы керектігімен байланыстырды. Ол үшін арнайы сенбіліктерде ұйымдастырған. 

Шенеуніктер құрылысшы-мұғалімдерге қатысты пікір білдірді    
Іле ауданы Қыдыргелді Медеуов

Іле ауданы әкімі Қыдыркелді МЕДЕУОВ: Мектептегі барлық мұғалімдер ұсыныс жасап, сенбілік өткіздік. Сол сенбілікте бүкіл селолық окруктегі мектептер келіп төңірегін тазалап, жуып-шайып көмектесті. 

Журналист: Ұстаздардан шағым түсуіне байланысты не дейсіз? 

Қыдыркелді МЕДЕУОВ: Кім оны жазып отырғанын да білмеймін. Сол жерде ондай әңгіме болған емес… Бұған ешқайсы қарсылық білдірген емес. 

Журналист: Ешқайсы қарсылық білдірген жоқ? 

Қыдыркелді МЕДЕУОВ: Ия. Оны мен ойлап отырмын, сол жердегі бір мектептің директоры өте төмен сапалы жұмыстар істеген. Бір мектептен ауыстырып ек, соған наразылық ретінде істеген.

Фотолар: автордікі, zhasalash.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.