Тасмағамбетовтің туыстарына Храпунов қарыз  

1994

Ұлыбританияның жоғарғы соты Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың ұлы Ілияс Храпунов БТА банкінің бұрынғы иесі, өзінің қайын атасы Мұхтар Әблязовпен сөз байласып, банктен 6 миллиард доллар жымқыруға болысты деген шешімге келді. Сот құжаттарына қарағанда, ақшаның бір бөлігі АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың жылжымайтын мүлік жобасына салынып, ізі жасырылған. Ұлыбритания соты Ілияс Храпунов Кеңес Рақышев иелік ететін БТА банкіне 500 миллион доллар қайтаруы тиіс деп үкім етті. Сот шешіміне қарағанда, Ілияс Храпунов қайын атасы М.Әблязовке ақшаны бұғаттаудан алып шығып, оның бір бөлігін жымқыруға септескен. Бұл ретте І.Храпунов ағылшын есепшісінің көмегіне жүгініпті. «Аггарвал мырза – ұлыбританиялық есепші ғана емес, активтерді офшорлы компания арқылы жасыру жолдарын жақсы білетін әккі маман. Ол Храпунов мырзаға қызмет көрсетіп жүрді. Храпунов мырза Аггарвал мырзаға бірнеше клиенттің атынан әрекет етіп жүргенін айтқанымен, түптің түбінде өзінің артында М.Әблязов тұрғанын ашпай, бұғып қалған», – делінген соттың шешімінде. БТА банкінің активтерін тоғыз жылдан бері қайтара алмай, соттан сотқа сабылып жүрген банктің акционерлері Ұлыбритания сотының бұл үкімін құп көріп отыр. АҚШ-тың Newsweek ақпарат құралына пікір білдірген БТА банктің акционері Кеңес Рақышев бүй депті: «Мұхтар Әблязов халықаралық соттан қашып құтылу үшін қуғындағы саяси диссидент атын жамылды. Ұлыбритания жоғарғы сотының бұл шешімі – Әблязов пен оның сыбайластары жымқырған 6 миллиард долларды қайтару жолындағы маңызды қадам». Newsweek-тің жазуынша, Әблязов күйеубаласымен бірігіп, АҚШ және Еуропадағы жылжымайтын мүлік жобаларына ақша құйып, қымқырылған ақшаны заңдастырмақ болыпты. Храпунов АҚШ президентіне тиесілі Trump SoHo-дан үш пәтер сатып алған. Trump SoHo зәулім кешенін Трамп ұйымы мен Bayrock Group компаниясы басқарады. Бірақ Храпунов сатып алған пәтерлерін лезде қайта сатып жіберген. «Қазақстан соты Ілияс Храпуновтың ата-анасы – Виктор Храпунов пен Лейла Храпуноваға қатысты істі қарап жатыр. Оларға ақша жымқыру, қызмет бабын асыра пайдалану тәрізді айыптар тағылған. Храпуновтар бұл істің саяси астары деп мәлімдеген. Храпуновтар Трамп әріптестерімен іскерлік қарым-қатынас орнатты. Олардың арасында Трамптың бұрынғы кеңесшісі Феликс Сатер мен Трамптың қазіргі адвокаты Руди Джуллиани бар. Алматы әкімдігі де Храпуновтардың үстінен Нью-Йорк сотына шағым түсірді», – деп жазады Newsweek.

Фото: azattyq.org

З. ЖЫЛҚЫБЕК

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.