Петропавлда қала әкімінің қаулысымен сүрілуі тиіс сауда орындары иелерінің шағымы бойынша сот басталды. 23 тамызда өткен алғашқы сот отырысына кәсіпкерлер мен олардың адвокаты және әкімдік өкілдері қатысты. Сотқа келген кәсіпкер, бірнеше сауда орнының иесі Олег Хрупин сауда орындарын сүруге негіз жоғын айтады

«Жер учаскелерін тартып алуға себеп жоқ деп ойлаймын. Біздегі бар дәлелдердің ешбірі қаралып жатқан жоқ. Әкімдіктегілер біздің сұрақтарымызға мардымды жауап бере алмай отыр, жерді алудағы түпкі мақсаты не екенін біле алмей отырмыз», деді кәсіпкер Олег Хрупин.

Сотта кәсіпкерлер мүддесін заңгер Бақытжан Базарбек қорғайды. Оның сөзінше, әкімдік келтіріп отырған дәлелдер шындыққа жанаспайды, кәсіпкерлердің сауда орындарын сүріп, жерді тартып алуға негіз жоқ. Ол тіпті, әкімдік кәсіпкерлерге қысым көрсеткенін айтып отыр.

«Көше жарығын қайта орнату энергия жүйелерін жобалауға жатпайды. Дәлел ретінде энергетика министрінің жауабын келтіре аламыз. Сондықтан әкімдіктің жерді тартып алу үшін келтірген уәжін ойдан шығарған деп айта аламын.Әкімдік тарапынан заң бұзушылық көп болды», деді Бақытжан Базарбек.

Әкімдіктің кәсіпкерлерге ұсынып отырған өтемақысына бизнес өкілдері келіспей отыр. Кәсіпкерлер ондаған жыл бойы жүргізген кәсібінің бір мезетте жабылғанын қаламайды. Ал әкімдік өкілдері көше жарығын қайта орнатумен қатар дүңгіршектердің орнында арнайы электр желілерін өткізуге сауда нысандары кедергі екенін айтты.

Петропавл қаласы әкімдігі заң бөлімнің маманы Елена Ефремова «Бір кабель жүйесі даланы жарықтандыру үшін, екіншісі басқа тұтынушыларға жарық өткізу үшін қажет. Күзетілетін аумаққа электр желілерін орнату ережелеріне сәйкес, ғимараттардың үстіне электр желілерін орнатуға болмайды, сондықтан желілерді жер астына орнату қажет. Ал қазіргі кезде сауда орындарының жанында бар бағаналар мен электр желілері дәл дүңгіршіктердің үстінде тұр» дейді.

Қала әкімдігі жаңбыр суына арналған кәріз желілерін салу және көше жарығын қайта құру үшін қалалық базар мен автовокзал маңындағы 67 сауда дүңгіршегін сүру туралы қаулы шығарған. Әкімдік шешімі іске асса, жүз шақты кәсіпкер мен екі жүзге тарта адам табыс көзінен айырылуы мүмкін.

Көре отырыңыз: Сатушылар базардың жабылуына наразы

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.