Ресейдің оппозициялық саясаткері, жемқорлықпен күрес белсендісі Алексей Навальный Мәскеудегі үйінде ұсталды. Бұл туралы оның өкілі Кира Ярмыш 25 тамыз күні Twitter арқылы хабарлады.

Ярмыштың сөзінше, Навальныйды полиция жергілікті бөлімшесіне себебін түсіндірмей алып кеткен, мобильдік телефонын тартып алған.

42 жастағы саясаткер бұған дейін үкіметке қарсы шерулер ұйымдастырғаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылып, абақтыға қамалған. Оған қаржылық алаяқтық жасады деген айып та тағылған. Навальный бұл айыптаудың саяси себебі бар деп санайды.

Ресей билігі оны биыл 18 наурызда өткен президент сайлауына «қылмыстық жауапкершілікке тартылған» деп қатыстырмай тастаған. 

25 тамыз күні ұсталарынан сәл бұрын Навальный Twitter парақшасында жақтастарымен бірге танымал YouTube арнасынан маңызды мәлімдеме жасаймын деп жазған. Оның туитіне байланған YouTube видеосының сілтемесі ашылмай қалды.

Соңғы уақытта саясаткер 9 қыркүйекте Ресейдің бірнеше қаласында үкіметтің зейнет жасын ұлғайту туралы жоспарына қарсы шеру ұйымдастырғалы жүрген. Өткен айда жарияланған үкімет жоспары көпшіліктің наразылығын тудырып, президент Владимир Путиннің рейтингіне теріс әсер ете бастаған. 28 шілдеде Ресей бойынша бірнеше қалада ондаған мың адам зейнет жасын ұлғайту жоспарына қарсы болып, көшеге шыққан. 

25 тамызда Мәскеу мэриясының жоғары лауазымды өкілі Навальныйдың 9 қыркүйек күні қалада демонстрация өткізу туралы өтінішін қарастырып жатқандарын айтты. 9 қыркүйекте Мәскеу мэрінің сайлауы өтуі керек.

Навальныйдың жақтастары демонстрацияны Кремльдің түбінде өткізгілері келеді. Мәскеу мэриясы мұндай шара жол қозғалысы мен жүргіншілерге қиындық тудырады деп рұқсат етпей келеді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.