Бокстан 2017 жылғы әлем чемпионы қазақстандық Қайрат Ералиев (56кг) Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында бірінші айналымда жеңілді. Ол бірінші айналымда таиландық Чатчай Вутдимен кездескен. Бес төреші де жеңісті Таиланд боксшысына берді.

Қайрат Ералиев 2017 жылы Гамбургте өткен әлем біріншілігінде алтын алған.

Қазақстан Джакартадағы Азия ойындарында ерлер арасындағы жарысқа жеті боксшы апарған. Жарыс алдында Азаттыққа сұхбат берген құрама бапкері Мырзағали Айтжанов Азия ойындарында екі алтын алуды жоспарлайтынын айтқан.

Қазір Қазақстан 6 алтын, 8 күміс, 28 қоламен жалпы есепте 11-орында келеді. Бұған дейін семсерлесуден Дмитрий Алексанин алтын алса, велоспорттан Алексей Луценко Джакартадағы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанған. 25 тамызда джиу-джитсудан Дархан Нортаев пен Руслан Исраилова Азия ойындарында жеңімпаз болған.​

Азия ойындарына 440 қазақстандық спортшы қатысып жатыр. Жарыстан хабар тарату үшін Азаттық тілшісі Джакартаға аттанған. Азиаданың барлық жаңалығын Азаттық сайтының арнайы парақшасынан оқи аласыздар. Азия ойындары қыркүйектің 2-cі күні аяқталады.​

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.