Павлодар қаласында тағы да ыстық «фонтан» су шашты. Коммуналдық апат бүгін таңертең қалалық №1 ауруханасының дәл алдында болған. Тас аралас судың жер астынан атқылағанын көрген тұрғындар шошып қалған екен. Абырой болғанда, ыстық суға күйіп қалғандар жоқ. Алайда, төрт бірдей автокөлікті қиратып тастады.

Таңертең терапевт дәрігердің қабылдауына келгем. Машинамды мына жерде орын болған соң қойдым да жауып шығып кеттім.5 минут қана болды машинадан шыққаныма бірдеңе дүңк ете түсті. Енді айналып қарасам су атқылап жатыр. Жүгіріп келсем көлігімнің үстінде асфальт жатыр. Ішінде болмағаныма шүкір Алла сақтады деп ойлаймын,-дейді Павлодар қаласының тұрғыны Ержан ЖҮСІПОВ.

Апат орнына жеткен монополистердің сөзіне сенсек, диаметрі 720 мм. жылу құбыры қысымға шыдас бермей  жарылған. Қазір сол жер қоршалып, онда арнайы мамандар жұмыс атқаруда. Олар коммуналдық апаттың кесірінен қаланың оңтүстік бөлігін түгел ыстық судан ажыратуға мәжбүр болды.

Диаметрі 720 мм. ескі жылу құбыры жарылған. Салдарынан төрт автокөлік зақымдалды. Олардың шығынан толығымен өтеймыз. Қазір шаһардың оңтүстік бөлігі ыстық судан уақытша ажыратылды. Бір тәулік ішінде жағдай түзелуі тиіс,-дейді «Павлодарэнерго» АҚ бас директорының орынбасы Сергей ПАНИХИН.

Осылай деген моноплистер, бүгінде Павлодардағы барлық жылу жүйесінің 80 пайызының тозғанын жасырмай отыр. Бірақ, қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты жылда олардың тек 10 пайызы ғана жөнделеді екен. Коммуналдық апат орнына жақында ғана тағайындалған шаһар әкімі Әнуар КҮМПЕКЕЕВТІҢ келгенін айта кетейік. Жағдайды бақылап қана кеткен ол бұл жолы жақ ашпады. Ал қала бойынша құбырлардың жартысынан көбі тозғанын ескерсек, мұндай апаттың тағы қайталануы әбден мүмкін.

Коллаж: zhasalash.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.