АҚШ президенті Дональд Трамп 25 тамызда қайтыс болған сенатор Джон Маккейнге арнап қазанама жариялаудан бас тартты. Бұл туралы Ақ үйдегі дереккөздерге сілтеме жасаған Washington Post (WP) басылымы хабарлады.

Басылымның дерегінше, Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс, аппарат басшысы Джон Келли және әкімшіліктің басқа да қызметкерлері Трамптың атынан жасалатын мәлімдеме мәтінін алдын ала дайындап қойған. Онда Маккейн Вьетнам соғысында тұтқындағы ерлігі «қаһарман» деп аталған. Алайда, президент көмекшілеріне мәлімдемені жариялауға рұқсат бермей, Twitter-де бірер сөйлеммен ғана көңіл айтумен шектелді. Трамп Маккейннің қазасына байланысты Twitter-де «Сенатор Джон Маккейннің отбасына қайғыра көңіл айтамын. Біздің жүрегіміз бен дұғамыз сіздермен бірге!» деп жазды.

Сара Сандерс бұл ақпаратқа қатысты комментарий беруден бас тартты.

Трамп командасының бұрынғы қызметкері Марк Коралло президенттің бұл ісін «сұмдық» деп атап, мемлекет басшысынан сенатор қазасына қатысты үлкен нәрсе күткенін айтты. Отставкадағы әскери қолбасшы Марк Хертлинг Трамптың реакциясын «ұсақтық» деп атад ы. 

Washington Post басылымының мәліметінше,  Маккейн бұрынғы президенттер — кіші Джордж Буш пен Барак Обаманы жерлеу рәсіміне шақыруды өсиет еткен. Бірақ ол жерлеуге Дональд Трампты шақыруды өсиет етпеген.

Оқи отырыңыз: Саяси қайраткерге айналған соғыс ардагері

Джон Маккейн Дональд Трампты оның сыртқы саясаты және журналистерге соқтыққаны үшін қатаң сынаған. Ол Трамптың Хельсинкиде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуін «қайғылы қателік» деп бағалап, «президенттің аңғырттығы, өзімшілдігі мен автократқа бүйрегі бұрып тұруынан келетін зардапты бағалау қиын» екенін мәлімдеген. Ал Трамп болса Маккейнді «біліксіз» деп атаған. Президент сайлауы кезінде сенаторды «соғыста тұтқынға түсіп қалғаны үшін ғана батыр атанғанын» мәлімдеген.

АҚШ Сенатына Аризона штатынан алты мәрте сайланған республикашыл саясаткер, Вьетнам соғысында алты жылдай тұтқын болып, азаптаудан аман шыққан Джон Маккейн 25 тамыз күні 81 жасында мидың қатерлі ісігі дертінен айықпаған күйі дүние салды. Марқұмды қыркүйектің 2-сі күні Мэриленд штаты, Аннаполис қаласындағы әскери теңіз күштері академиясының зиратына жерлейді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.