«Асыл Зәйім-Ұятым». Әсте, «Асыл Жарым – Ұятым» деп қате естіп айды аспаннан шығара көрмеңіз. Себебі, бұл –  Алматы облысында конституция күніне орай өтетін ғылыми-практикалық конференцияның атауы. Ең қызығы, мұндай «ғажайып» жаңалықтың авторы – бір облыстың билігінің аузындағы сөзді мұқым республикаға таратушы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңы болып отыр.

Енді түсініктірек болу үшін аталмыш алаңның айтулы мерекеге орай алты Алашқа жолдаған алты ауыз сөзін ұсынып көрейік. Сіз де «тұшынып» көріңіз.

«Еліміздің негізгі заңын қоғамда құрметтеу дәстүрін қалыптастыру, жас ұрпақты конституциялық тәртіпті және мемлекеттік рәміздерді құрметтеу рухында тәрбиелеу мақсатында бірқатар ауқымды іс-шаралар, оның ішінде ғылыми-практикалық конференциялар өтеді: Ата Зайим, Асыл Зәйім-Ұятым, Конституция — «Ата-Зайынымыздың», «Ата-Зәңім, Берік жұлдыздарының бәйрәгім!» және тағы басқалар», – дейді аталған коммуникациялар қызметі.

Жат та күл, тұр да күл: неше оқысаң да нешеме қателікті жұтып-жұтып алып бедірейіп тұрған сөйлемді көресіз. Мүбәдә, бір әріптен, бір сөзден жаңылса оны жақтың жаңылғаны, тілдің сүрінгені дерсіз. Ал мұндай «Зәйим» мен «Зайым»-ға қақалған анонс-ақпарды бір облыстың өңірлік коммуникациялар қызметі таратты десе кім сенгендей.Әлде, көршілес айыр қалпақты ағайынның әнін ұрлап таусып, енді жекелеген сөзіне «қолқа» салған ба едік? Ұқсамаса, қанеки…

Алматы облысында бөтен тіл пайда болды  

Бір ұққанымыз, сондағы алаңның ақ тер, көк тер болып айтпағы «Қазақстан Республикасының Конституция күнін мерекелеуге арналған жоспар» тақырыбында баспасөз- мәслихаты өтеді екен.

Оның мақсаты да біреу. Алматы облысында Қазақстан Республикасының Конституциясын тойлаудың аймақтық жоспарлары әзірленіп, бекітіліп қойған. Соны әлгіндей нәшіне келтіріп нәсихаттау. Міне, мұндай тойды күні ертең-ақ бұқарасы «бұл қай той?» деп  түйіліп  қарсы алмас үшін сценарий бойынша бір спикер түсіндіріп беруі тиіс. Әрине, оны өңірдің ішкі саясатын басқарып отырған Рустам АЛПЫСБАЕВТАН басқа ешкім «қатыра алмас».

Тек, сол жиында Рустам Әлиұлы «Зайим» мен «Зәйім»-нің жырын жұртқа түсіндіре алмай қиналмаса не етті?!

Фото: kerbulak.com

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.