Ұлттық банк «Qazaq Banki» және «Эксимбанкті» банктік лицензияларынан айырды. Енді ұлттық банк бұл банктердің қызметін мәжбүрлеп тоқтату жөнінде сотқа өтініш түсірмек. Бұл туралы ұлттық банктің сайтында хабарланған.

Бас банктің мәліметіне қарағанда, «Qazaq Banki» және «Эксимбанк Қазақстан» пруденциалды нормативтерді бұзған. «Qazaq Banki» төлем және аудару операциялары бойынша шарттық міндеттемелерін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ішінде үш және одан да көп рет) орындамағаны және пруденциялық нормативтерді және басқа да сақталуы міндетті нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзғаны үшін, банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге арналған лицензиядан 2018 жылғы 28 тамыздан бастап айыру туралы шешім қабылданды«, – делінген ұлттық банк хабарламасында.

«Эксимбанк Қазақстан» да ұлттық банк талаптарын орындамағаны үшін лицензиясынан айырылды. «Эксимбанк Қазақстан» пруденциялық нормативтерді, нормативтік құқықтық актілерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзғаны, сондай-ақ банктің ірі қатысушысының уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын орындамағаны үшін банктік және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Банкке 2017 жылғы 18 қаңтарда берген № 1.2.48/232 лицензиядан 2018 жылғы 28 тамыздан бастап айыру туралы шешім қабылданды», – дейді ұлттық банк.

Қазір бұл банктерге уақытша әкімшілік тағайындалды, оған банктердің басқару органының өкілеттіліктері өтті. Уақытша әкімшілік комиссия сот шешімімен тарату комиссия тағайындалғанға дейін жұмыс істейтін болады.

Клиенттердің және банктердің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операция бүгіннен бастап тоқтатылды.

Ұлттық банк Qazaq banki және «Эксимбанктегі» жеке тұлғалардың салымдары Қазақстан депозиттерді кепілдендіру қорымен қорғалғанын ескертеді. Депозиттерді кепілдендіру қоры  теңгедегі салымдар бойынша 10 миллион теңгеге дейін, шетелдік валютадағы салымдар бойынша 5 миллион теңгеге дейінгі сомаға кепілдік берген.

Qazaq banki-ндегі жеке тұлғалардың салымдары 23 миллиард теңгеге жетсе, «Эксимбанкте» бұл көрсеткіш 254 миллион теңгеге тең.

Президент Н.НАЗАРБАЕВ 18 сәуір күні Ұлттық банк өкілдерімен кездесуінде Astana bank, Qazaq banki және Эксим банктің көрсеткіштерін нашар деп бағалап, акционерлерін сынға алған еді.

Президенттің сынынан кейін іле-шала мәлімдеме жасаған Qazaq banki кейбір көрсеткіштердің нашарлағанын жасырмаған. Алайда оның себебін банкті 2013-16 жылдары басқарған топ-менеджментпен байланыстырған. «Банктің кейбір көрсеткіштері сапасыз несиелер берілгендіктен нашарлады. Бұл сапасыз несиелер 2013-16 жылдары Ж.ЕРТАЕВ және Б.ИБРАГИМ  банк басқаруға тағайындаған тұлғалар кезінде берілді. Бұл несиелердің негізгі бөлігі жоғарыда аты аталған тұлғаларға тікелей қатысы бар борышкерлерге берілген», – делінген Qazaq banki-нің мәлімдемесінде.  RBK Banki-ндегі алаяқтықпен қаржы қымқыруға қатысы бар тағы бір күдікті  Жомарт Ертаев 8 мамыр күні Мәскеуде ұсталып, үйқамаққа алынды. Бас прокуратура 2 шілде күні Qazaq banki-нің тағы бір акционері Бақыт Ибрагимнің Германияда қолға түсіп, Қазақстанға экстрадицияланғанын хабарлаған.

З.ЖЫЛҚЫБЕК.

Фото: azernews.az

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.