Есбол Нұрахмет. Журналист, молда, киллер және жезөкше (новелла)

1910

Түнгі он екілер шамасы. Журналист қала маңындағы жұпынылау жалдамалы пәтерде әлде бір құжаттар мен фотосуреттерді ақтарыстырып, әлденені жазып-сызып, компьютерге үңіліп ұзақ отырып, кеш жатты.

***

Түнгі бірлер шамасы. Қала орталығындағы көпқабатты үйлердің бірінде жезөкше жалаңаш суреттерін желіге салып, астына хабарламасын, қалаған бағасын жазып, әркімнен келген телефонға жауап беріп, күте-күте ақыры ұйқыға кетті.

***

Таңғы бестер шамасы. Таң намазына ерте тұрған молда азанын айтып, намазын оқыды. Алладан бала-шағамның нәпақасын бере гөр деп ұзақ дұға тіледі.

***

Таңғы алтылар шамасы. Салқын суға жуынып, денесін сергіткен киллер «Диверсант» шуылсыз мерген винтовкасын сүртіп, тазалап отырды. Тағы бір шағын тапаншаны ышқырына қыстырды да, «Иә, Құдай, жолымды оңғар!» деп сәл ғана тұрып, ішінен күбірледі. Сосын, винтовканы скрипканың қабына салып, иығына асты.

***

Таңғы тоғыздар кезі. Әлде бір газет редакциясы. Журналист жұлқына кіріп келді.

– Міне! – деді қолындағы бір бума қағазды үстелдің үстіне тастай салып.

– Әй, саған не болды? Аман-сәлем қайда, жынданған адам құсап, – деп бас редактор ежірейе қарады.

– Таптым, таптым бүкіл фактіні. Мынау жарады, көріп тұрыңыз! Тамырымен қопарады.

– Асықпай айтшы, қарағым. Нені жарады?

– Өзіңіз оқып шығыңыз, бір айналып келем.

Журналист қалай кірсе, солай шығып кетті. Бас редактор құжаттарды қолына алып ары-бері қарады да, көзі шарасынан шыға бажырайып, абдырап қалды. Қопақтап орнынан көтеріліп, терезе, есік жаққа қарай берді. Сөйтті де, телефонын қолына алды…

***

Дәл осы сәт. Редакция ғимаратының қарсы бетіндегі бес қабаттық шағын ғимараттың төбесінде винтовкасын сайлап киллер отырды. Қиыстау төгілген күн нұрынан дүрбінің көзін қорғап, ұзын қалқашасын сәл созды. Шашы желбіреп, костюмінің екі етегін жел қайырып, үлкен есіктен журналист шыға келді. Киллер желке тұсынан сәл желпіген қоңыр желдің болмашы екпінін сезді. Баяу дем тартып, қайтадан шығарды. Винтовканың түбін иығына тіреп, қолын шүріппеге апарды. Журналист бұрыштан айналып, өзі межелеген қалтарыс көшеге өткенше көздеп отырды да, басып қалды. Мүлт кетпепті…

***

Түс кезі. Редакция маңы қаптаған адам, шулаған машина…

***

Түстен кейінгі үштер шамасы. Журналистің шағын пәтері. Біреу кіріп, біреу шығады. Анасы, әйелі жылап отыр, әркім келіп көңіл айтып жатыр. Әкесі күңіреніп көгеріп кеткен, кірпігінде болмашы көз жасының табы бар. Бас редактор босаға жақта молдамен сөйлесіп тұр.

***

Кешкі сегіздер шамасы. Бас редактор аулада телефон арқылы біреумен сөйлесіп жүр.

– Құдай оңдағанда менің қолыма тиді ғой, аға, еш алаңдамаңыз, бәрі дұрыс. Жалпы, ақырындап тексеру жүргізу керек, полицияда адамдар бар ғой, айтамыз. Басқа ешкім білмейтін шығар деп отырмын… бәрін қадағалаймыз…

Ол осыдан кейін үйге оралды.

Сағат он шамасы болды. Бас редактор молданы жеке шақырып алды:

– Молдеке, келгеніңізге рақмет. Ауыр қаза, жап-жас, жақсы бала еді. Мынау енді қазірше бата оқырдың ақшасы. Жетісі, қырқын – бәрін өзіңіз өткеріңіз, басқа ешкімді шақырмай-ақ қояйық, – деп 200 доллар ұстатты.

Молда дұғасын қайырып, бетін сипады. Ертең де ертерек келіп, басы-қасында болатынын айтып шығып кетті. Аулаға шыққанда қалтасының сыртынан ақшаны сипалады. Қала маңы – көшеден анда-санда бір зу ете қалған көлік даусы естіледі, шөп арасында шегіртке шырылдайды, молда «шүкір!» деп аспанға бір қарап қойды. Көк жүзіне дөп-дөңгелек боп ай шығыпты, жазғы аспан жұлдызға толы. Оның жүзіне сәл ғана жылы жымиыс енді.

***

Түнгі он екілер шамасы. Сәулетті қонақүйдің самаладай кең бөлмесі. Бөлме ішінде баяу, жанға жайлы ырғақты музыка ойнайды. Үлкен, мамық төсекте киллер қолын төбесіне қойып шалқасынан жатыр. Жалаңаш денесін көрпемен жартылай жапқан жезөкше телефонымен әуре. Бір кезде жігітке қарады.

– Не жұмыс істейсің?

– Мен бе? ­– жігіт сәл ойланып қалды, – жалдамалы жұмыс істеймін…

– Сонда қалай? Бай секілдісің ғой…

– Адам өлтірем, – деді өңін салып.

– Мықты, бәсе ақшаң көп, – дей салды қыз мән бермей. Әрі қарай сұрамаған соң, жігіт те үнсіз қалды. Қыз кенет күлді:

– Қызық, кеше ғана ақша таба алмай қысылып едім, бүгін енді аяқастынан сен табыла қалдың. Ертең пәтерімнің ақысын төлеуім керек болатын. Ақша тапсам ылғи ұстап тастаймын, артынша Құдай көмектеседі, ойламаған жерден ақша таба саламын. Құдайға әбден сеніп алғанмын ғой, міне, бүгін де…

Бұл кезде киллер де күлді:

– Маған да Құдай көмектесті бүгін…

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.