Қазақстан Ұлттық банкі 28 тамыз күні Qazaq Bankі мен «Эксимбанкті» бағалы қағаздар нарығында банк және басқа да операцияларды жүргізу лицензиясынан айырғанын хабарлады. Ұлттық банк бұл туралы қаулыны 27 тамыз күні шығарған.

Ұлттық банк аталған банктерден лицензиясын олар келісімдегі міндеттемелерін «тиісті түрде орындамай», «пруденциялық нормативтерді жүйелі түрде бұзғаны үшін» тартып алғанын айтады.

28 тамыздан бастап аталған банктердің банктің өзі мен клиенттерінің шығыс операциялары және банкке түскен ақшаны есепке алудан өзге барлық операциясы тоқтатылды.

Ұлттық банк бұл банктердің «банк секторындағы активі мен міндеттемелер үлесі төмен» болғандықтан, лицензиядан айырылуы басқа қаржы ұйымдарына қауіп төндірмейтінін айтады.

Qazaq Bankі мен «Эксимбанк» жеке тұлғалар депозиттерін міндетті кепілдендіру жүйесіне қосылғандықтан, олардың салымшыларына белгіленген тәртіпте кепілді өтемақы төленеді.

Қазір екі банкке де уақытша басшылық тағайындалып, банктің барлық өкілеттіктері уәкілетті органның басқаруына өткен. Уақытша басшылық «тарату комиссиясы құрылғанға дейін» жұмыс істейді.

Биыл мамырда Қазақстан Ұлттық банкі Эксимбанк лицензиясын 29 тамызға дейін тоқтатқанын хабарлаған. Qazaq Banki депозит қабылдау және жеке тұлғаларға есепшот ашу лицензиясы 28 сәуірде тоқтатылған. Биыл сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл екі банк пен «Астана банкін» сынаған еді.

Оқи отырыңыз: Назарбаев: Бізге банктің көп болғаны қажет емес

Ұлттық банктің мәліметінше, 2018 жылдың 1 шілдесіне дейін Qazaq Bankі жеке тұлғалардан 22 миллиард теңге депозит қабылдаған.

27 тамызда БАҚ «Эксимбанк» 25 тамыз күні директорлар кеңесі мүшелерінің өкілеттігі «өз өтінішімен тоқтатылғанын» мәлімдеді деп хабарлаған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.