Ақтөбеде жолақы қымбаттайтын болды

29


Ақтөбе қалалық мәслихаты қалада жол жүру ақысын қымбаттату туралы шешім шығарды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы шешімді мәслихат 28 тамызда өткен 34-сессиясында қабылдады.

Мәслихат баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, осыған дейін 55 теңге болған жолақы енді 80 теңгеге қымбаттайды. Енді жолақы балаларға 40 теңге, зейнеткерлерге, 2 және 3-топ мүгедектеріне және Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқандарға 60 теңге болады. Ал тыл ардагерлері мен 1-топтағы мүгедектер және 18 жасқа дейінгі мүгедектер тегін жүрмек. Жолақыны қымбаттату туралы шешімі бірнеше процедурадан өткен соң күшіне енеді.

Бұған дейін қаладағы жолаушылар тасымалы қызметінің 80 пайызына дейінгі үлесін атқаратын «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестік жолақыны 200 теңгеге дейін қымбаттатуды бірнеше рет ұсынған еді.

 

Ақтөбеде жолаушылар тасымалымен айналысатын негізгі заңды тұлға — «Автопарк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 12 маусым күні жолақысын 90 теңгеге өсіруді ұсынған еді. «Автопарк» қалалық әкімдіктің жолаушы тасымалы үшін субсидия беруді тоқтатқанына және жол ақысын қымбаттауға рұқсат бермей отырғанына наразы болған. Компания директоры Ағарыс Тілеулесов бұған дейін Ақтөбеде жолақы 2014 жылы белгіленген 55 теңгеден өзгермегенін, егер жолақысы 90 теңге болса, «Автопарк» биыл 30, 2019 жылы 50 автобус алып, электронды билет жүйесін енгізетінін, зейнеткерлер мен мұқтаж тұрғындар үшін жол ақысына жеңілдік жасайтынын айтқан.

Ақтөбеде қала ішіндегі жолаушылар тасымалы қызметін екі мекеме — «Автопарк» пен «ПАТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарады. Қала аумағындағы 52 маршруттың 18-і «ПАТП» серіктестігінің иелігінде, қалғаны «Автопаркке» тиесілі.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.