Алматы облысында әйелдерді тонаумен айналысқан ер адам құрықталды. Бұл туралы Талдықорғандағы «Жас Алаш» тілшісі Алматы облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қолға түскен азаматтың жасы 25-те. Ол өз нысанасын демалыс күндері торуылдап, ізінше тонаумен айналысып отырған. Күдіктіні Талғар ауданының полициясы ұстады. Ресми мәліметке сүйенсек, оның үстінен шілде-тамыз айларында қарақшылық және тонау фактілері бойынша үш арыз тіркелген. Барлық жағдайда жас әйелдер өз өтініштерінде өзара ұқсас адамды сипаттаған. Нақтырақ айтқанда, бәрінде ер адам өз құрбандарын қорқытып, олардың ақшасы, ұялы телефоны мен планшеттерін тартып алып отырады. 

«Бір фактіден өзге, әйелдерді тонау деректерінің барлығы Талғар аумағында болған. 24 тамызда күдіктінің 22 жастағы қызға пышақпен тап беру фактісі бойынша Талғар полицейлері оның ізіне түсіп, қолға түсірді. Күдікті 1993 жылы туған көрші Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны болып шықты»,- дейді облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазақстандық қылмыс заңнамасының 191 «Тонау» және 192 «Қарақшылық» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда.

Айта кетейік, Алматы облысы ішкі істері департаментінің статистикалық мәліметі бойынша жыл басынан 1894 қылмыс тіркелді. 2017 жылдың сәйкес кезеңінде 1721 қылмыс тіркелген. (дәйек Алматы облысы әкімдігінің 2018 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша жария еткен қорытынды есебінен алынды – Қ.Қ.). 

Фото: liter.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.