Қазақстанда мемлекеттік мәліметтер базасында өз-өзін асыраушы ретінде тіркелмегендердің 55 пайызы (бір миллионнан астам адам) Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары және алматы қаласында тұрады. Бұл туралы 28 тамыз күні үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова хабарлады.

Министрдің мәліметінше, мемлекеттік мәліметтер базасында статусы анықталмаған 2,7 миллион адамның 1,3 миллионының мәліметі жаңартылған. «Сонымен қатар, мәліметтер базасында құжатының мерзімі өтіп кеткен, жеке сәйкестендіру нөмірі екі рет берілген адамдар анықталып, қайта енгізілді» деді Әбілқасымова.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев отырыста еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыстардың басшыларына өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды тіркеуге алу жұмысын жалғастыра беруді тапсырды.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен бұл жұмысты ақпарат және коммуникация министрлігімен бірлесе жалғастыруды сұраймын. Таяу уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатын нақтылау туралы заң жобасы парламентке түседі» деді Сағынтаев.

Оқи отырыңыз: Тіркелмегендер «жұмыссыздар» санатына жатпайды

2017 жылы қыркүйекте парламент жиынында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтуды салықтан жалтару деп атап, үкіметке мұндай санаттағы адамдарды «көлеңкеден шығаруға» тапсырған. Биыл жыл басында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2017 жылы «азаматтардың статусын нақтылау және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тіркеу» жұмысы аясында 5,7 миллион адам анықталып, бір жылға жетпейтін уақытта үш миллионға тарта адамның статусы нақтыланғанын хабарлаған.

Статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда халық саны 18 миллионнан адамнан асады. Екі миллионнан астам адам «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» санатына кіреді. Билік бұл санаттағы азаматтар жеке кәсіппен шұғылданады, өз шаруашылығы бар, сауда-саттықпен, оның ішінде реттелмеген алып-сатарлықпен айналысады деп біледі. Ресми мәлімет бойынша, елдегі жұмыссыздық деңгейі бес пайыздан аспайды.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.