Түркістан облысында ағын су тапшылығы қалай шешілуде?

Соңғы күндері Мақтаарал өңіріндегі мақташылар ағын судан таршылық көре бастады. Жетісай ауданында көршілес Өзбекстан  аумағынан келетін Достық каналынан секундына небәрі 51,45 текше метр су келіп жатыр. Сырдария өзенінен тартылған Маш каналымен берілетін судың көлемі – 27,50 текше метр. Бұл мақташылардың ағын суға деген сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Дәл қазір мақтаны суаратын мезгіл. Бұл кезеңде су ішпеген мақтаның ойдағыдай өнім бере қоюы екіталай.

Сырдарияның соңында отырған Қазақстанның  шарасыздық қамытын кигеніне 20 жылдан асты. Сырдарияның суын пайдаланудың Одақ кезінде қалыптасқан жүйесі бұзылған соң, судың басында отырған қырғыздар мен өзбектерге күніміз қарап қалды. Дарияның суы  жазда, қажет кезде азаяды, қырғыздар, керісінше, қыста  электр энергиясын молырақ өндіру үшін суды көбірек ағызады. Соның салдарынан Сырдарияның бойында отырған елді мекендер жазда сусырайды, қыста тасқынның астында қалады. Шардарадағы шарасыз жағдайдан кейін Қазақстан Көксарай су реттегішін салуға мәжбүр болды. Бірақ бәрібір оңтүстіктегі ағын су мәселесі толық шешімін таппай отыр.

Әйтеуір, жергілікті әкімдік қолдан келген шараны істеп жатыр. Жетісай ауданы Қарағанды облысынан арнайы канал тазалағыш «Драглайн» жылжымалы техникасын алдыртып, Маш каналының ұлтанын тазарту жұмыстарын бастап жіберді.
–Ауданымызда ағын су тапшылығы сезіле бастады. Қазіргі таңда мақта егістік алқаптарының ағын суды нағыз қажет етіп отырған шақ. Сондықтан арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмей, керісінше, қолғабыс жасап, Сырдария өзенінен тартылған каналдың ұлтанын тазартып алуымыз қажет. Бұл бізге Маш каналындағы  су ағынын жылдамдатып, қажетті ағын су көлемін пайдалануымызға септігін тигізеді, – дейді аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев.
Көршілес Мақтаарал ауданындағы жағдай да мәз емес. Әкімдік таратқан ресми мәліметке қарағанда,  су беру маусымы барысында 38 мың гектар мақталық алқаптың 16 525 гектары ғана су ішкен. Бұл дегеніңіз – 50 пайызға да жетпейді деген сөз. Ал көршілес Өзбекстан енді бір-екі аптадан кейін су беруді тоқтатады. Ішкені ішті, ішпегені қалды дей беріңіз.

–Ауданда ағын су тапшылығының болып жатқаны рас. Бірақ су жетпей, диқандар у-шу болып, егілген мақта қурап жатыр деуге болмайды. Бұл жылда қайталанатын жағдай, – деді Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Марат Әбуов. – Қазіргі уақытта Өзбекстан арқылы келетін Достық каналындағы судың көлемі – 55 текше метр, ал Маш каналында алты насос істеп тұр. Ол жақтан келетін судың көлемі – 35 текше метр. Екеуін қосқанда, 85-90 текше метр. Ал бұл біз үшін өте аз. Судың көлемі күн санап азайып келеді. Өйткені қазір Өзбекстанда да мақта суаратын науқан қызып тұр.

М.Әбуов айтып отырған Маш каналына су Шардара суқоймасынан келеді. Каналға суқоймадан насостар арқылы беріледі.  Бұл жүйе осыдан бірнеше жыл бұрын қыруар қаржыға жасалған болатын. Егер бұл канал болмағанда Мақтааралдағы ағын су мәселесі тіптен қиындап кетер еді. Ал Өзбекстан аумағы арқылы келетін Достық каналына деген сенім жыл санап азайып келеді. Қазіргі уақытта мақтааралдық диқандар аталған канал арқылы берілуі тиіс судың 60 пайыздайын ғана алып отыр. Өзбек жағының келісімді орындамауы да жылда қайталанатын жағдай.

«Өзбекстан бір-екі аптада ағын су беруді тоқтатады, сол кезде не істейміз?» деген сауалды жуырда шаруалар Түркістан қаласында вице-премьер – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен өткен кездесуде қойған еді. Министр бұл мәселенің Өзбекстан арқылы шешілетінін айтты. Қаншалықты шешілетіні уақыттың еншісіндегі мәселе.

Түркістан облысында биыл мақта дақылы 123 мың гектардан астам жерге егілсе, оның 87 мың гектарға жуығы Мақтаарал мен Жетісай аудандарына тиесілі. Биыл өңірде тұқымдық шит тапшылығы сезілген жоқ. Жергілікті жерде   3000 тонна шит дайындалды. Бұдан бөлек, Қытай мен Түркия елдерінен тұқымдық шит тасымалданды. Десек те, биылғы жыл мақташылар үшін оңай болып тұрған жоқ. Былтырғыдай көсек құрты әлек салып жатыр. Диқандардың айтуынша, мақта шаруашылығын субсидиялауға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биыл зиянкестерге себілетін улы химикатқа қаржы қаралмаған. Шаруалар оны базардан сатып алып жатыр. Улы химикаттың бағасы да удай. Кейбір химикаттардың құртты толық өлтіруге күші жетпейді.

Жалпы, Түркістан облысында ағын судың тапшылығына байланысты  «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасына сәйкес, су үнемдеу технологиялары кеңінен қолданыла бастады. Иә, бәрі де қажеттіліктен туындаған жағдай. Соның бірі – тамшылатып суару әдісін енгізу.

Тамшылатып суару әдісі арқылы екі есе өнім алып, қаржы мен ағын суды үнемдеуге болады. Сондықтан да агросектор саласына аталған технологияны енгізудің тиімділігі орасан. Тамшылатып суарудың бір қасиеті – суды уақтылы әрі керек кезінде ғана береді. Сонымен қатар өлшеуіш құрал арқылы шаруалар кеткен шығынын нақты есептеп отырады. Яғни қаржыны үнемдейді. Облыстағы мақтаның басым бөлігін беретін Жетісай мен Мақтаарал аудандарында  осы әдіспен 1793 гектар жер суарылады. Мамандар «бұл әлі де болса аз» дейді.

Кейінгі жылдары Мақтаарал өңірінде шаруалар мақтамен бірге, қауын-қарбыз егуге баса мән бере бастады. Қауын-қарбыздан түсетін пайда мақтаға қарағанда екі-үш есеге жоғары. Оның үстіне ағын суды пайдалануда тиімділігі зор. Күнгейде егілген қарбыздар Ресейден асып,  Еуропа елдеріне экспортталып жатыр. Жетісай аудандық әкімдігінің мәліметінше, соңғы жылдары мырзашөлдіктер қауын-қарбыз өсіруде Орталық Азияда көш басында келеді. Бүкiл республикаға «ақ алтын» өсiрумен танылған мақтааралдық шаруалар соңғы 10 жылда қауын-қарбыз егумен түпкілікті айналыса бастады. Жетісай мен Мақтаарал аудандарының диқандары жылына 650-700 мың тоннадан астам қауын-қарбыз жинайды. Соның шамамен 450 мың тоннадайы экспортқа жол тартады.

Б.ЕРНАЗАР

Түркістан облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.