Ақтөбе облысы мен Ташкент қаласына қарағанда, Түркістан облысында газдың бағасы 3 есе, электр қуатының бағасы 2 есе жоғары. Тарифі қымбат жерге инвестор тарту мүмкін бе? Әкім Түймебаевтың басын қатырып тұрған жалқы сұрақ – осы.  

Шымкент қаласының республикалық мәртебе алып, Түркістан облысының құрамынан шығып кетуі аймақ экономикасындағы, өндірісіндегі жоспарларды қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Өйткені бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы экономикасының негізгі үлесі Шымкент қаласына тиесілі болатын.  Бүгінгі таңда Түркістан облысының барлық әлеуметтік-экономикалық негізгі көрсеткіштері төмендеді. Мұндай мәліметті үкімет жетекшісі Б.Сағынтаевтың Түркістан қаласына жасаған сапары барысында облыс әкімі Ж.Түймебаев айтты.

Облыс басшысының айтуынша, өңір бюджетінің 2018-2019 жылдарға жоспарланған көлемі қайта қаралып, бекітілген. Осы жылдағы облыстық бюджет 621,6 миллиард теңге болған, бірақ Шымкенттің бюджетін бөлгеннен кейін 552,5 миллиард теңгеге төмендеді. Ұлттық экономика және қаржы министрліктеріне Шымкент қаласының алдағы екі жылдық шығындарын жабуға өтінім берілді. Шымкентте орналасқан облыстық нысандарды  қалалық меншікке беру жұмыстары жүргізілуде. Қала теңгеріміне 29,5 миллиард теңгелік активімен 55 кәсіпорын берілді. Кезінде облыстағы ірі өндірістік жобаларды жүзеге асырған «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтары, сауда-логистикалық орталығы мен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы да Шымкент қаласының меншігіне өтеді. Облыстың өнеркәсіп саласын дамыту және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында аудан, қалалардағы 9 индустриялдық аймақтың екеуінің («Түркістан» мен «Бадам») жер аумағын кеңейту қолға алынуда. Қазіргі таңда «Түркістан» индустриялық аймағының жалпы алаңы 40 гектарға тең, толу деңгейі 82 пайызға жетіп отыр. Алдағы уақытта  оны 652 гектарға дейін кеңейту қажеттілігі туындауда. Инвестицияны тартудың басым бағыттарының бірі –«Бадам – Қазақ –Түрік» индустриялық аймағын дамыту. Себебі бұл аймақтың Шымкент қаласына жақын орналасуы,  жол тораптарына жақындығы инвесторларға тиімді болуда. Қазіргі уақытта аталған аумақтың жалпы алаңы – 115 гектар. Келешекте оны және 100 гектарға дейін кеңейту жоспарда.

Алдын ала есеп бойынша Түркістанның инфрақұрылымын дамытуға 2,5 миллиард теңге қажет.

– Түркістан қаласын жай облыс орталығы ретінде емес, жалпы, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту қажет. Осыған орай, саралай келе бірінші кезекте іске асыруды қажет ететін іс-шаралар айқындалып, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Кешенді жоспарда жалпы 188  іс-шара қамтылған. Қажетті қаржы көлемі 5 жылға болжаммен 1,3 триллион теңге. Облысымыздың басты туристік магниті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қазіргі таңда мәдениет және спорт министрлігінің меншігінде. Кесененің айналасын халықаралық стандарттарға сәйкес Түркияның тәжірибесімен дестинацияға айналдыру үшін министрлікпен бірлесіп, басқарушы компания құруды көздеп отырмыз, – деді өңір басшысы.

Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы 1 миллионнан астам турист келген болса, алдағы уақытта келуші қатарын көбейту көзделіп отыр. Түркістанда туризмді дамыту үшін қалаға жаңа әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал, сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар салып, оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу қажет. Қазіргі уақытта жобалардың барлығы кешенді жоспар жобасына енгізіліп, ұлттық экономика министрлігіне ұсынылған.

– Түркістан қаласы Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы болып белгіленуіне байланысты, алдағы уақытта жолаушылар және туристер ағыны 5-6 есе артады. Осыған орай, Түркістан қаласында жолаушыларды өткізу қабілеті сағатына 500 адамға жететін жаңа әуежай және жолаушылар ағыны тәулігіне 3000 адамға жететін жаңа теміржол вокзалы салынуы керек.  Үздіксіз және қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін Түркістан қаласының айналма жолы, Шымкент қаласының Оңтүстік-Батыс айналма жолы, Сарыағаш қаласы арқылы айналма жолының құрылысы қажет.  Сонымен қатар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі арқылы облысымыздың оңтүстік өңірінен қатынайтын көлік ағынын төмендету үшін «Мырзакент – Жетысай – Шардара – Шәуілдір – Түркістан – Кентау» бағытындағы автомобиль жолдарын төрт жолақты қозғалыс етіп қайта құруды қажет етеді. Сонымен бірге облыстық туберкулезге қарсы және онкологиялық диспансерлер құрылысы жүргізілуі тиіс. Түркістан қаласын дамытудың жаңа концепциясына сәйкес, жаңа әкімшілік іскерлік орталық салынып, ол жерде 50 мың адам тұрады деп жоспарлануда. Осыған орай, қалаға қосымша ауыз су және кәріз жүйесін тарту, сондай-ақ табиғи газ жүргізу керек. Бұл жобаларды іске асырудың Түркістан облысы үшін мультипликативтік әсері зор. Яғни өнеркәсіп дамып, жаңа жұмыс орындары құрылады, инвестиция көлемі артатын болады, – деген Ж.Түймебаев кейбір жобалардың үкімет тарапынан қолдау таппай отырғанын, осыған байланысты Б.Сағынтаевтан  кешенді жоспарда көзделген жобаларды республикамыздың өңірлері, ұлттық компаниялар, отандық және шетелдік инвесторлар есебінен, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.

Сонымен қатар өңірге инвестицияларды тарту бойынша өзекті мәселелердің бірі – газ және электр қуаты тарифтерінің жоғары болуы.

– Қазіргі таңда шекаралас өңірлермен және көршілес Өзбекстанмен салыстырғанда, Түркістан облысында газ және электр қуатына деген тарифтер біршама жоғары. Атап айтатын болсақ, Ақтөбе облысы мен Ташкент қаласына қарағанда газдың бағасы 3 есе, электр қуатының бағасы 2 есе жоғары, – деді облыс әкімі.

Мәселен, Түркияның «Дал Холдинг Инвестмент» компаниясы Түркістан облысында 200 гектар жерге құны 200 миллион АҚШ долларына жететін өнеркәсіптік жылыжай салуға қызығушылық танытып отыр. Жоспарланып отырған жылыжай жылына 135 миллион м3 газ және 70 мВт электр қуатын қажет етеді. Қымбат тариф инвесторлардың жолына кедергі болатыны айтпаса да түсінікті.

Жиында  премьер-министрдің бірінші орынбасары  А.Мамин сәулетшілердің қаланы инфрақұрылымдық және инновациялық дамытудың 22 жобасын әзірлегенін атап өтті. Қыркүйек айының соңына дейін бас жоспардың тұжырымдамасын бекіту туралы шешім қабылданады. Бекітуден кейін бас жоспарды дайындауға байқау жарияланады, ол екі кезеңнен тұрады: 2035 жылға дейін және 2050 жылға дейін. «Қазқалақұрылыс» жобалық институтының бас сәулетшісі Т.Ерәлиев өңірді дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын әзірлеу үшін қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын баяндады. Айлық мерзімде сарапшылар тобы барлық байқау жұмыстарын жинап, қарауға қабылдаған. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары А.Маминнің төрағалығымен Түркістан облысын дамыту перспективалары жөніндегі комиссия құрылған еді.

Маусым айында Түркістанға барған комиссия мемлекеттік органдарды көшіру, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде Түркістан дамуының бас жоспарын әзірлеуге конкурс ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын қарастырды. Облыста мемлекеттік органдар мен ұйымдардың үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету бойынша негізгі іс-қимылдарды қамтитын тиісті жол картасы бекітілген болатын.

Б.ЕРНАЗАР

Түркістан облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.