Шардараның  балығы Шымкентке қашан жетеді?

48

Жылына  4 мың тонна балық өндіретін Шардарадасы бар Түркістан облысы сырттан қосымша 3 мың тонна  балық алады. Сұранысы көп өңірдегі  балық бизнесін дамытуға 500 гектар жер бөлінбек.

Сырдарияның бойына салынған ірі су қоймасы, Қызылқұмның қойнауын нулы, сулы өңірге айналдырған Шардараның пайдалануға берілгеніне  биыл 50 жыл толып отыр.

Шардара стратегиялық маңызды нысан. Сырдың суын бірқалыпта ұстағаннан бөлек қазір мұнда облысқа қажетті электр энергиясының негізгі бөлігі өндіріледі. Шардара соңғы бес-алты жылдың көлемінде  мақтаралдық мақташылардың ағын су мәселесін де оңтайлы шешіп берді. Қазір мақталы аудандарға беріліп жатқан ағын судың тең жартысы Шардарадан алынуда.

Таяу жылдары  Шардараның айналасы туризмнің де, өндірістің де ордасына айналады деген жоспар бар.

Қазір мұнда жағажай туризмін дамыту үшін бірқатар ірі жобалар қолға алынуда. Үкіметтің қаулысымен бұрын орман қорында болған 255 гектар жер  аудандық коммуналдық меншікке берілді. Қазір осы жерге  инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жағажайда бас-аяғы 60 туристік нысан қаралған. Оның ішінде 30 қонақ үй бар. Жағажайдан демалыс орындарын салуға инвесторлардың да қызығушылығы зор. Қазірдің өзінде  мұнда «Golden Beach» және «Сыр нұры» демалыс аймақтары тұрақты жұмыс істеп тұр. Келіп жатқан туристердің арасында Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей азаматтары да бар.  Аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың айтуынша, келесі жылдан бастап инвесторларға жағалаудан жер беріле бастайды. Шардарада кезінде кіші авиация жұмыс істеген. Ол аэродром бүгінгі таңда ауданның  коммуналдық меншігінде. Аудан әкімдігі қазір «SCAT» әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Егер келушілердің саны 150 мың адамға жетсе, әуежайды іске қосуға болады. Бірақ бүгінгі қозғап отырған тақырыбымыз жағажай туризмі емес, Шардараның атын алыс-жақынға танытып жүрген балық шаруашылығы жөнінде. Балық көзін тапса, көл-көсір табыс. Соңғы жылдары ауданда балық шаруашылығын өркендету үшін өндірістік жобалар жүзеге аса бастады.

Жалпы Қазақстанда балық өнімдеріне деген сұраныс жылдан жылға артып келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда елімізде биыл мұздатылған балық өнімдерінің өндірісі 10 пайыздық, консервіленген балық өнімдері 11 пайыздық өсімге қол жеткізген. Жылдың алғашқы бес айындағы мәлімет бойынша қазақстандық балық өнеркәсібі 12,4 мың тонна жеткен. Дайындалған және консервіленген балық пен уылдырық көлемі 4,8 мың тоннаны құрапты. Балықты аулау жағынан Шығыс Қазақстан облысы алдыңғы орында тұр. Ал, консервіленген балықты өндіруден Батыс Қазақстанның үлесі көп. Ал екінші орында Түркістан облысы.

Түркістан облысында өндірілетін балықтың дені Шардара ауданына тиесілі. Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасы аясында ауданы бойынша бүгінге дейін жалпы сомасы 1 миллиард 482 миллион теңгені құрайтын 5 инестициялық жоба іске қосылған. Соның екеуі балық өндірісіне тиесілі. Атап айтар болсақ, «Шардара балық» ЖШС-і мен «Саодат» ЖШС-інің балық өңдеу зауыттары бүгінде қалыпты жұмыс істеуде.

Биылғы жылы Индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде балық шаруашылығы бойынша ауданда тағы бір инвестициялық жоба – «Байтерек ББМ» ЖШС-ның «Балық өңдеу зауытының құрылысы» аяқталып, іске қосылмақ. Жобаның құны – 200 миллион теңге. 30 адамға жұмыс ашылмақшы. Өндірістік қуаттылығы жылына 600 тонна болатын бұл зауыттың құрылысы аяқталып келеді.

Ал жалпы алғанда бүгінгі таңда Шардара ауданында 4 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оларда  жылына 4000 тоннадан астам балық өнімдері өңделіп, оның 80 пайызы алыс және жақын шетелдерге экспортталуда. Ресей бастаған ТМД елдері мен Еуропа елдері Шардараның балығын тұтынып отыр деп айтуға болады. Мамандардың айтуынша, Сырдың тұщы суында өскен балықтың еті дәмді.  Сұраныстың жоғары болуы осымен байланысты. Алдағы уақытта «Бәйтерек» ББМ ЖШС-і және жеке кәсіпкерлердің қолға алуымен «Томай» балық өңдеу кәсіпорындары іске қосылмақ.

Осы жерде мына бір жәйтке де назар аудара кеткеніміз жөн, Шардарада жылына 4000 тоннадан астам балық өндіріледі. Соның өзінде облысқа 3000 тоннадан астам балық сырттан әкелінеді. Сырттан келетін балық Атырау облысынан, Арал теңізінен және Балқаш көлінен келеді. Яғни, жалғыз Шардара ауданының балығы бүкіл облысты қамтамасыз ете алмайды. Демек, сұраныс бар. Ал сұраныс бар жерде өндірісті одан әрі өркендету қажет.

Проблеманы шешу үшін шабақты қолдан өсіру, балықты молайту шаруашылығын дамыту керек. Бұл бойынша ауданда біршама жұмыстар жоспарланған. Қазіргі таңда ауданда балық өсірумен бірнеше кәсіпорындар мен кәсіпкерлер айналысып жүр. Атап айтар болсақ, «Шардара балық питомнигі» ЖШС-інде 2017 жылы 2 миллион данадан астам балық шабағы өндіріліп, өнімдері басқа аудандар мен облыстарға өткізілді. Атап айтқанда, Жамбыл облысына,  Түркістан, Сарыағаш, Шымкент қалаларына жөнелтілуде. 30 граммдық әр шабақ орта есеппен 30 теңгеден сатылады. «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде балықты торлы шарбақта өсіру қолға алынған. 2017 жылы осы торлы шарбақта 133,5 тонна балық өсірілді. Оның көлемін 2021 жылға дейін 180 тоннадан асыру жоспарланған. Бұлардан бөлек, «Сүлеш ата» шаруа қожалығында 2017 жылы 14 гектар жер учаскесінен 63,5 тонна балық өндірілсе, биылғы жылы іске қосылған Ұзын ата ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Қайрат Сәмбетовтің иелігіндегі 30 гектар жер учаскесінде  60 тоннадан астам өнім алынбақ.

Аудан әкімі Болатбек Қыстауов жуырда Ұзын ата ауылында болып, балық шаруашылығымен айналысатын  кәсіпкерлермен арнайы кездескен.  Кәсіпкерлер Қайрат Сәмбетов пен Әлібек Күмісовтың иелігіндегі тоғандарда бірінде 60 мың, бірінде 30 мың шабақ өсіріліп отыр. Ұзын ата ауылындағы тағы бір тың жаңалық – жеке кәсіпкер Нұрболат Серманизов шағын жылыжай ішінен бассейн жасап, Африка жайыны деп аталатын балық тұқымын өсіруде. Кәдімгі жайын мен жыланбалықты будандастырып шығарған бұл тұқым кез келген нәрсені талғажау қыла береді. Жылдың басында Өзбекстаннан он мың шабақ әкелген кәсіпкер бұл жобаның биыл тек тәжірибе ретінде қолға алынғанын айтады. Қазірдің өзінде шабақтардың әрқайсысы 600-700 грамм тартып қалған. Айта кетер бір жәйт, аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың бастамасымен Шардарада жуырда балық шаруашылығын дамытуға 500 гектар жер бөлінді.  Осы жерде жалпы балық бизнесі өркендейтін болады.

Жоғарыда іске қосылатын кәсіпорындар мен шаруашылықтар ауданда балық өндірісінің кең қанат жаюына септігін тигізетіні сөзсіз. Мамандардың есебі бойынша соның арқасында 180-нен астам жаңа тұрақты жұмыс орыны ашылады. Ауданның тамақ өнеркәсібіндегі балық өнімдерінің көлемі 4 миллиард теңгеден 6 миллиард теңгеге артады.

Яғни,  облыс орталығынан шалғайда, темір жолы жоқ, күре жолдан шеткері жатқан Шардара бүкіл ТМД, Еуропаға тайдай тулаған балығымен, туризмі дамыған жағажайымен танылады деуге негіз бар.

Б.ЕРНАЗАР,

Түркістан облысы.

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.