Бүгін Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Казатком ауылының халқы ереуілге шықты. Олар «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша тартылып жатқан ауыз суға қарсы.  Казаткомның 30-40 тұрғыны техникалардың жұмысына кедергі жасап, көшеге шықты. Бұл туралы Жас Алаш тілшісі оқиға орнынан хабарлайды.

Ауызсуға қарсы ереуіл

105 үйі бар шағын ауылға бюджеттен 345 миллион теңге бөлінген. Тендерді ұтып алған «Қарасай Құрылыс» ЖШС кешеден бері ауыл көшелерінде 150 метр жерді қазып тастаған. Биыл 87 миллионды игереміз деген мердігер компания өкілдері келесі жылы жұмысымыз аяқталады дейді.

Ауыл халқы болса мердігелерге жұмыс істетпейміз деп бекініп отыр. Суды өз күшімізбен тартып алғанбыз, бізге жаңа мектеп салып берсе дейді.

Ауызсуға қарсы ереуіл
Пернегүл Дәуренбекова

«Біздің ауыл шағын ғана елдімекен. Суымыз бен жолымыз бар. Оны өз ақшамызға жасап алғанбыз. Ешкімнен еш нәрсе сұрағанымыз жоқ. Екі колонкамызды жауып, су тартамыз дейді. Асфальтты талқандамақ. Төрт рет аудан әкіміне айттық. Кешеден бері ауылымызды талқандап жатыр. «Суды бурлить етесіңдер ме?» десек, өзіміз ішіп отырған жерінен қайта тартпақ. Айтпақшы, аудан әкімінің орынбасары Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ ішіп отырған суларың денсаулыққа зиян деген еді. Біздің мектептің салынғаны  60 жыл болды. Медициналық пункт ол жоқ. Сәл жел соғып, жаңбыр жауса, свет өшіп қалады. Тоқтың бағандарын жаңалап берсе», — дейді ауыл тұрғыны Пернегүл ДӘУРЕНБЕКОВА.

Журналистер келісімен бір техника жұмысын тоқтатып кетіп қалды. Асфальтталған жолды қопарғанымызбен, қайтадан орнына келтіреміз дейді «Қарасай Құрылыс» компаниясының өкілдері. Жас Алаш бұл мәселе туралы бірнеше материал жазған еді. Сайтымыздың тілшілері Ақши ауылдық округінің әкімі Сабыржан АЙТБАЕВҚА жолықпақ еді, шенеунік жұмыс орнында болмай шықты.

Ауыл халқы суы жоқ ауылдарға бұл қыруар қаражатты бөлсе дейді. Ал ресми мәлімет бойынша Алматы облысында 100-ден аса ауыл сусыз отыр.

Фотолар автордікі. 

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.