Мьянма армиясының басшылары геноцид айыбымен жауапқа тартылуы тиіс. Бұл туралы БҰҰ-ның Мьянманың Бангладешпен шекарасында тұратын мұсылман рохинджаларды қуғынға ұшырату фактілерін тексерумен айналысатын миссиясының есебінде айтылады.

Мьянмадағы жағдайды бір жылдан астам уақыт зерттеген үш сарапшының пікірінше, Мьянма билігінің рохинджаларға қарсы кампаниясын геноцид деп бағалауға болады. БҰҰ есебінде жоғары шенді алты генералға, оның ішінде Мьянма армиясының бас қолбасшысы Мин Аун Хлаинге адамзатқа қарсы қылмыс жасады деген айып тағылуы тиіс.

БҰҰ сарапшылары мьянмалық әскерилер 700 мыңға тарта рохинджаны Бангладешке күштеп көшіру компаниясына жауапты деп біледі.

Есеп бойынша, күштеп көшіру кезінде 10 мыңға тарта адам қаза тапқан. БҰұ есебінде сонымен қатар Мьянма билігіне, оның ішінде Нобель сыйлығының лауреаты Аун Сан Су Чжиге әскерилер қатыгездігін тоқтата алмады деп сын айтылады.

АҚШ таяуда Мьянманың жоғары шенді үш әскериі мен армияның жергілікті екі бөлімін «этникалық тазалау» жүргізді деп айыптап, санкция салған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.