Қазақстанның демократиялық таңдауы (ҚДТ) чатындағы хабарламалары үшін «рулық алауыздық қоздырып, билікті құлатпақ болды» деп айыпталған 44 жастағы Ақтау тұрғыны Абловас Жұмаев өзіне сотқа дейінгі тергеу кезінде қысым жасалғаны туралы мәлімдеме жасады. Судья Аралбай Нағашыбаев бұл мәселені кеңесу бөлмесінде кейін қарастыратынын айтты.

28 тамыздағы сот отырысында Абловас Жұмаев «сотқа дейінгі тергеу кезінде өзіне қысым жасалғанын» мәлім етті.

— Мені тергеу кезінде қол қоймай отырғанда Е.Б. келіп, «сен мойныңа ал, қаласаң да, қаламасаң да, мойындайсың, бұл іс келісіп қойылған» деді. Мен басымнан мұндай іс бұрын өтіп көрмеген соң не дерімді білмедім. Мен соттан осыны тексеруді өтінемін, — деді Жұмаев сотта.

Адвокат Жанар Сүндетқалиева сотталушы нұсқап отырған адамның ҰҚК қызметкері екенін, істі Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті жүргізгеніне қарамастан заңсыз араласты деп санайтынын айтып, оны сотта жауаптауды сұрады.

— Видеода көріп отырғанымыздай ол Жұмаевты ұстап, тінту кезінде қатысқан. Оның бұл іске мүлдем қатысы жоқ. Қысым міндетті түрде ұрып-соғу деген сөз емес, психологиялық моральдық қысым туралы айтылып отыр, — деді Жанар Сүндетқалиева.

Судья Аралбай Нағашыбаев сотталушының өтінішін кеңесу бөлмесінде қарастырып, кейін хабарлайтынын айтты. Бірақ ол адвокаттың Е.Б. есімді адамды жауаптауға шақыру туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Бұдан бөлек Жанар Сүндетқалиева сотқа дейінгі істі жүргізген тергеуші Айдос Қадиев пен сарапшыларды куә ретінде шақыру туралы өтінішін тағы қайталады.

— Тергеуші Қадиев заңға бағынатын лауазымды тұлға. Ол тергеу барысында заң бұзушылық жасады және істе жалған құжаттар тіркелген деп санаймын. Сарапшылардың бірінің Оңтүстік Қазақстанға кетуі мен екіншісінің демалысқа шығуы да, менің өтінішімді кері қайтаруға негіз емес, — деді ол сотта.

Тергеушінің 2 қазанға дейін демалыста екенін көлденең тартқан судья Нағашыбаев адвокаттың бұл өтініштерін әзірге ашық қалдырды. Прокурор Айтуғанов қарсылық білдірмеді.

Сот отырысының түстен кейінгі бөлігінде Абловас Жұмаевпен бірге ҚДТ чатында бірге болған Тоты Мұқанова жауап берді. Ол өзінің де ҚДТ листовкаларын таратқанын, бірақ онда билікті күштеп құлатуға шақыру бар екенін көрмегенін айтты.

Судья соттың 29 тамыз күні сағат 15.00—дте жалғасатынын хабарлады.

11 мамырда қамауға алынған Жұмевқа «рушылдық, топтық алауыздық тудырды» (174-баптың 1-тармағы) және «билікті күштеп басып алмақ болды» (179-баптың 1-тармағы) деген екі айып тағылған.

13 наурызда Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша оппозициялық магнат, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған еді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.