Бұл – Алматы облысы, Талғар ауданының орталығы Талғар қаласы тұрғынының әкім-қарадан күдерін үзіп айтқан сөзі. «Назарбаевқа айтыңызшы…». Шарасыздық. Жергілікті жердегі ірілі-ұсақты шенеуніктердің уәдесінен, әрекетсіздігінен әбден шаршаған, түңілген адамның жалынышты сөзі.

«Назарбаевқа айтыңызшы...»

Талғарда қала тұрғындарының ашынысын тудырған мәселе көп. Соның бірі – газетіміздің өткен санында «Талғарда жертөле де жекенменшікке өтеді» деген тақырыппен материал шыққан. Сол жолы «тамыздың 17-сі күні жұрт жиналып, әкімдерге арыз айтады» деген құлақтандыру естіп қайтқан едік. Бардық. Біз жеткен Менделеев көшесі 13-үйдің ауласында ондаған адам жиналып, бір-біріне сөз бермей, дауласып жатыр екен. Дауласқан екі тарап – тұрғындар және Талғар ауданы әкімі, Талғар қаласы әкімі және басқарма басшылары. Бақсақ, сөз болып жатқан мәселе көптен бері шешімін таппағандықтан, ақыры Менделеев көшесіндегі бес қабатты қос үй тұрғындарын аулаға жиналып, журналистер шақырып солардың көзінше жергілікті басшылардан мәселенің нақты шешімін сұрау екен. Мәселе – тұрғын үйге газ жылу жүйесін тарту және жертөлені тазалау. Тұрғындардың айтуынша, газбен жылыту мәселесі әлі толық шешілмегендіктен, үйлерін әлі күнге электр пештермен, тіпті жертөледен бес қабатты үйде бойлай тартылған үлкен түтік арқылы от жағып жылытып отырған көрінеді. Біз көргенде, мемлекет есебінен тұрғын үйлердің кіреберісіне дейін газ құбыры жүргізіліпті. Бірақ сол газды әр үйге жүргізу күрмеуі көп күрделі мәселе болып шыға келген. Қаумалаған жұрт алдында терлеп-тепшіп іс мәнін түсіндіріп тұрған Талғар қаласының әкімі Жандос ӘУЕЛБАЕВ бүй дейді:

«Назарбаевқа айтыңызшы...»

– Газдандыру мәселесі 2014 жылы жоспарланып, 2015 жылы жұмыс басталды да, 2016 жылы аяқталды. Мемлекет қаржысына әр үйге газ құбыры жүргізілді. Енді әрбір пәтерге ас дайындауға арналған газ кіргізу үшін ПИТК (пәтер иелері тұрғындарының кооперативі) құрып, «ҚазТранГазға» өтініш жазу керек. 2011 жылы газдандыру жоспары жасалған кезде бұл үйлердің неліктен енбей қалғанын білмеймін, бірақ біз «ҚазТранГаз» компаниясымен сөйлестік. Қазір олар 54 және 52 үйді газдандыруды жыл соңына дейін жасаймыз деді. Қала әкімі сөзіне тұрғындар иланғандай болып, алғыс айтысып жатқанда, екінші жақта аудан әкімін ортаға алып, газбен жылыту жүйесі туралы әңгімелескен тұрғындардың даусы қаттырақ шыға бастады.

– Газбен жылыту жүйесін әр үйге жеке тартуға болады деді ғой, өткенде. Міне, 1 тамызда бізге солай деп жауап берген, – деп орта жастағы орыс әйелі қолындағы қағазын әкімге қарай соза түсті.

– Егер үй жаңадан салынатын болса, құрылысты жоспарлаған кезде әр пәтерге жеке газ жүргізу қоса есептеліп, жасалады. Ал мына совет кезіндегі үйлерде газдандыру о бастан қарастырылмаған. Сондықтан да пәтерлерге жеке-жеке газ апару мүмкін емес. Біз қазір Амандық Ғаббасовичтің (Алматы облысы әкімі Амандық Баталовты айтып отыр – ред.) тапсырмасымен модульді жылыту жүйелерін салып жатырмыз. Тіпті кейбір үйлердің тұрғындары өздері жиналып та салып алды. Міне, сол жылыту жүйесі арқылы газбен үйді жылыту, ыстық мәселесі шешіледі. Жалпы газбен жылыту жүйесі тартылмаған 163 үй қалды. 79 үйге газ жүргізу жоспарланып жатыр. Ар жағында 35 қалады. 2020 жылға қарай газдандыруды аяқтаймыз, – деп Талғар ауданы әкімі Рыскелді СӘТБАЕВ бір тоқтағанда әкімнің тура алдында тұрған кейуана:

-Талғар жемқорлыққа батқан. Сен жақында ғана келдің, бәрі тегін әрі тез бола қалады дегенге сенбейміз, – деді.

«Назарбаевқа айтыңызшы...»

Жан-жақтан жамырап, әбден қордаланған көп мәселенің бәрін де әкіммен бетпе-бет кездесіп тұрғанда жайып салуға тырысқан көпшілік әр тұстан сұрақ жаудырып жатты. Мәселен, тұрғындарды толғандыратын мәселенің бірі – модульді жылыту жүйесі арқылы пәтерлерге орталық газбен жылыту жүйесі қосылса, жылудың ақшасын төлей алмай қалған тұрғын үшін бүкіл үйді жылудан ажыратып тастамай ма? Әкімнің сөзіне қарағанда, модульді жылыту жүйесіне қосылған әр пәтер компьютерде көрініп тұрады, бәрі де сол арқылы басқарылады. Сондықтан біреу үшін біреу күймейді. Бірақ тұрғындардың жергілікті әкімшілікке сенімі сөнгені сонша, модульді жылыту жүйесі, оның әр үйге тартылуы, бәрі де айналып келіп, тұрғындардың қалтасындағы қара бақырын қағып алады деп қапаланады. «Модульді газ жылыту құрылғысы құрастырылып, жылдың соңына дейін орнатылады және шығынның бәрі мемлекет есебінен жүргізіледі» деген аудан әкімінің сөзіне де жиналған жұрт сеніңкіремеді. Сөйтіп, Талғар қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің мәселесін көтеріп жүрген белсенді, «Тұрғын» ПИТК төрағасы Вячслав Павлов жұртты сабырлыққа шақырып, әкімдермен кездесуді қортындылады.

– Бүгінгі кездесуден түйгенім, модульді газ жылыту құрылғысын орнату және құбырлардың әр үйге тартылуы мемлекет есебінен жасалады. Ал әрі қарай газды әр пәтерге әрбір тұрғын өзі жүргізеді. Ал ол қанша қаражатты талап етеді, бұл үйлерге газ кіргізілген кезде ауа кіріп тұратын түтікшені салу жайы қалай болады, осы секілді мәселелерді біз мұқият есептеп, тұрғындарға көрсетеміз.

Енді тұрғындар пәтерге газбен жылыту жүйесін қосуды жағдайлары көтере ме, жоқ па соны есептеуге кіріседі. Қала әкімі Жандос Әуелбаев бір сөзінде: «ҚазТрансГаз» жобалаушы жалдап, бір тұрғын үйді толықтай газбен жылыту жүйесіне жабықтауға он миллион кететін есептеп шығарыпты», – деді. Он миллионды естіген тұрғындар ойбай салды. Вячеслав Павлов: «Біз өз есебімізді жасап ұсынамыз!» – деп әрең тыныштандырды.

«Назарбаевқа айтыңызшы...»

Жиналғандардың аудан әкімінің «Модульді газбен жылыту құрылғысы биыл орнатылады» деген сөзіне тағы да үміт артудан басқа амалдары қалмады, білем, жиын тарқай бастады. Жиналыстан жылыстай шығып бара жатып, Талғар қаласының әкімі Жандос Әуелбаевты оңаша сөзге тарттық.

– Қазір 23 үйді газдандыру жұмысын бастап кеттік, Амандық Ғаббасович (Алматы облысы әкімі Амандық Баталовты айтып отыр – ред.) қаражат бөліп берді. Он үйді тұрғындар өз қаражатына жасап жатыр. Пәтерге газ жүргізу, пеш қойғызу сияқты жұмыстың жалпы шығыны әр пәтерге 240 мың теңгеден айналады. Көпқабатты үйлердегі бір кірберістегі пәтерлердің бәрі оған келіссе, кейбірінде «ақшам жоқ» деп келіспейді. Оның үстінде тұрғын үйлердің көбінде қараушысы жоқ, зейнет жасындағы кәрі адамдар тұрады. Ол кісілердің бірден 240 мың беруге шамасы келмейді. Сөйтіп, дау-дамай шығады. Ал нақты бүгін мәселесі қозғалған үйлерге келсек, 79 үйге 17 модульді газбен жылыту жүйесін орнату жобасын жасауға тапсырыс бердік. Сол жоба аясында ғана шешеміз, басқа жол жоқ. Онда да  ол келесі жылдың бюджетінен ғана жасалатын шығар.

«Назарбаевқа айтыңызшы...»

Осылайша, аудан әкімінің «Биыл орнатамыз!» деген сөзін қала әкімі жоққа шығарып, келесі жылдың есебіне кіргізіп қойды. Тұрғындардың әкім сөзіне сенбейтіндері шынға шықты. Мұны «Тұрғын» ПИТК төрағасы Вячеслав Павлов та растады.

– Шынын айтсақ, әкімшілікке сенбейміз. Осы күнге дейін тұрғындардың мәселесін шешуге талпыныс та жасаған жоқ. Қараңызшы, айналаңызға, балалар ойын алаңы совет өкіметімен бірге қираған қалпы, жөндеу көрмеген, айнала қоқыс. Осында жиналыс болатыны төрт күн бұрын ескертілді. Сол уақыт ішінде қала тазалығы ұйымын шақырып, жинастыруға болатын еді ғой. Мұндай жерді қалай қала деп атауға болады? Тұрғындар жертөленің қоқысын тазалауға арнайы көлік сұрағалы үш ай болды. Әлі жіберген жоқ. Жаңа өзіңіз көргендей, тағы да «жібереміз!» деп уәде беріп кетті. Оған да сену қиын.

Осылайша, екі тараптың да уәжін тыңдап, қайтпаққа бетбұрып бара жатқанымызда, Бауыржан есімді тұрғын жолығып, ол да арыз-арманын айтты.

–  Үйдің сыртына газ құбырын жүргізіп қойғандарына үш болды. Шіріп бітетін түрі бар. Газ қостыру бір пәтерге 350 мың дейді. Қымбат. Үйде әлі күнге электр пешпен жылытамыз. Ауланы қараңыз, қоқыс, лас. Балалар ойнайтын алаңқай қирандыға айналған. Жол әне, шұрық-тесік. Осында жиырма жеті жыл тұрам. Содан бері ештеңе жасалмады. Масқара ғой! Назарбаевқа айтыңызшы, сұмдық мынау, қалай өмір сүруге болады! Талғардың жағдайы мүлдем төмендеп кетті. Айтыңызшы, Назарбаевқа! – деп қайта-қайта президентке сәлем айтып қала берді. Ал сөз арасына «Амандық Ғаббасович қаржы бөлді, Амандық Ғаббасовичтің тапсырмасымен» деп сөйлеген Талғар ауданы және Талғар қаласы әкімдері үшін президент Н.Назарбаев бейтаныс секілді…

«Назарбаевқа айтыңызшы...»

Таңатар Таған 

Фотолардың авторы Қайсар ҚАУЫМБЕК.  

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

 

 

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.