Қазір көлік бөлшектерін сататын базарлардың барлығында дерлік тексеру жүріп жатыр. Жасыратыны жоқ, олимпиада жүлдегері Денис Теннің қапияда болған қазасынан кейін полиция осынау базарларды тексеруге алып, тауарлардың қайдан келгенін анықтауға белсене кіріскен болатын.

Нәтижесінде алғашқы рейд барысында-ақ Алматыдағы Car City автобазарында іздеуде жүрген бес адам ұсталған еді. Тағы 94 адам ішкі істер органдарына жеткізілді. Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің тілшілерге таратқан мәліметтеріне қарағанда, сол кезде полицейлер автобөлшек сатумен айналысатын 1133 бутикті, 37 жанармай құю бекетін және 94 көлікті тексеріп шықты.

– Күдікті көрінген 94 адам полицияға жеткізілді. Олардың 17-сі Өзбекстан азаматтары. Олар Қазақстанда заңсыз жүрген. Қылмыстық құқық бұзушылық жасап, іздеуде болған бес адам ұсталды. Қолданылған автобөлшекті сататындардан бірнеше зат тәркіленді. Олар заттардың құжаты бар екенін растай алмады. Көлік айналары, терезелер, шетте тұратын айналарды ұстап тұратын корпустар, фаралар және тағы басқа заттар тәркіленген. Қазір енді тәркіленген заттар бойынша тексеріс жүргізіледі, – деген болатын Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ базар аумағында ата-анасының қарауынсыз жүрген кәмелетке толмаған үш бала анықталды. Олар көлік бөлшектерін сатуға көмектескен көрінеді.

Осы аптада Алматы полицейлері Car City базарында тағы да кезекті рейд жұмыстарын жүргізіп, бес қылмыскерді ұстады. Алматы қалалық ІІД мәліметінше, сауда орындарынан бөлек, техникалық қызмет көрсететін 20 станция мен 45 көлік құралы тексерілген. Учаскелік инспекторлар біреудің мүлігін жымқырғандарды ізін суытпай анықтады. Нәтижесінде осыған дейін ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотты болған 1994 жылғы ер адам ұсталды.

Рейд барысында 149 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 126 адам аты-жөнін анықтау үшін ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың 10-ы Өзбекстан азаматы болып шықты. Олар көші-қон заңнамасын дөрекі бұзған. Мұнымен қатар, тексеріс кезінде ата-анасы Қазақстанның басқа өңірлерінде тұрып жатқан үш жасөспірім ұсталды. Ол балалар кәмелетке толмағандарды уақытша бейімдеу орталығына жеткізілді.

Осыдан кейін көлік бөлшектерін сататын базарларда көп құпия, көп жұмбақ жатқаны айқындала бастағандай… Нақтырақ айтқанда, көлік бөлшектерін ұрлау сықылды қылмыстардың бір ұшы осы сауда орындарымен астасып жатыр. Әйтеуір, әр рейд сайын күдіктілердің қатары көбейіп келеді.

Сондай-ақ тәртіп сақшылары сауда орталықтарында да ауқымды тексеріс шараларын бастады. Нақтырақ айтсақ, саудаға қойылған ұялы телефондардың ұрланған-ұрланбағанын анықтауда. Осылайша алғашқылардың қатарында Алматыдағы «Студент» ұялы телефондар орталығы тексеріліп, 350-ден аса сауда нүктесін біріктірген орталыққа 70 тәртіп сақшысы жұмылдырылды.

Полиция арнайы қосымшаға әрбір телефонның кодын енгізіп, оның ұрланған телефондар базасында бар-жоғын тексереді. Әзірге ұрланған телефондар табылған жоқ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.