Жамбылда кісі өлтіру қылмысы көбейіп тұр

21

Жамбыл облысында жылдан-жылға кісі өлтіру қылмысы көбейіп барады. Айталық, 2016  жылы 39 кісі өлтіру қылмысы тіркелсе, былтыр 55 адам, биыл жеті айдың ішінде 29 адам қаскөйлердің қолынан ажал құшқан.

Өткен жылы облыс орталығы Тараз қаласында 23 кісі өлтіру қылмысы тіркелген. Ал аудандар бойынша айтар болсақ, Қордайда – 9 , Шуда  5 адам қылмыскерлер қолынан қаза тапқан. Шу демекші, бұл ауданда биыл да кісі қолынан өлгендер аз болмай тұр. Газетіміздің өткен нөмірлерінің біріндегі «Қорағатыда оқ атқандарды полиция қорғаштайды» атты мақалада  шулық Дәурен Құралбаевты бір топ бұзақының жабылып тепкілеп, пышақпен кескілеп, орақпен тілгілеп, айуандықпен азаптап өлтіргені жайында жазған болатынбыз. Айтып ауыз жиғанша, Шу ауданында жергілікті шаруа қожалығының 48 жастағы қожайынын, оның 16-17 жастағы қызы мен ұлын өлтіріп кеткені жайлы ақпарат тарады. Қылмыстық оқиға Далақайнар ауылынан 12 шақырым жердегі «Үш қызыл» таулы учаскесінде орналасқан шаруа қожалығында болған. Ер адамның денесі үйінің ауласынан, қызының мәйіті бөлмесінен, ұлыныкі үйден 150 метр жердегі бұта арасынан табылған. Бұл қылмыстық оқиға бойынша полицияның баспасөз қызметі: «Алдын ала болжам бойынша, қылмысты пайдакүнемдік ниетпен осы шаруашылықтың 42 жастағы қызметкері жасаған болуы мүмкін. Күдіктіден қолды еткен мотоцикл, ноутбук, ұялы телефондар мен ақшалай айғақ заттар тәркіленді. Ол кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Осы дерек негізінде ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 1,14-тармақтарымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» деген ақпарат таратты.

Жуырда полиция жұмысына қатысты жиында өңірімізде жеті айдың қорытындысы бойынша қылмыстың көптеген түрі төмендегені, оның ішінде өткен жылдың жеті айында 38 кісі өлтіру фактісі тіркелсе, биыл жыл басынан бері 29 тұрғынның кісі қолынан қаза тапқаны айтылған еді. Яғни кісі өлімі қылмысы азайды деп ауыздары көпіргендері кеше ғана. Ал сегізінші айда тек Шу ауданының өзінен төрт кісі өлтіру қылмысы орын алып отыр.

Әрине, көп жағдайда кісі өлтіру қылмысының өсуі әлеуметтік мәселелерге келіп тірелетіні анық. Бұл ретте өткен жылғы 55 қасақана адам өлтіру қылмысының 42-сін жұмыссыздар істегені белгілі болып отыр.

Нұрболат ӘЛДИБЕК

Жамбыл облысы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.