Назарбаев орталығында Method PRO бағдарламасының үздік ІТ-жобалары көпшілік назарына ұсынылды.

Осымен екінші жыл ұйымдастырылған жазғы IT-бағдарлама тағылымдамасында жастар индустрияның үздік мамандарынан кәсіби ІТ-білім алу мүмкіндігіне ие болды. Өткен жылдың нәтижесі бойынша, студенттер әзірлеген төрт жоба өндіріске енгізілді. Жастар 3 миллион теңгеден астам табыс тауып, сонымен қатар ірі ұлттық компанияларға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.

Биылғы Method PRO бағдарламасына 15 мемлекеттен  1000-нан астам өтінім келіп түсті. Конкурстық іріктеудің нәтижесі бойынша, Астана мен Алматы қалаларында 200 адам ІТ-тағылымдамадан  өтті. Жобаға қатысушы жастар оқу барысында екі топқа бөлінді: бағдарлама және зерттеу жасайтын IT-топ және маркетинг, дизайн және менеджментті зерттейтін Non-IT тобы. Қатысушылар мобильді және веб-әзірлеме, машиналық оқу және Вig Data, маркетинг және бизнес-талдау бойынша практика жинады. Соның нәтижесінде жастар 8 миллион теңгеден астам табыс тапты және оларға ірі отандық компаниялардан жұмысқа орналасу үшін 30 ұсыныс түсті.   «Әлемде бүгінгі күні осындай тағылымдаманың аналогы жоқ. Келешекте біз қатысушылар мен серіктес компаниялардың географиясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – дейді Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.

Физика комикс арқылы игеріледі
Алдағы уақытта елімізде мектептің төменгі сынып оқушыларына физика негіздерін ұғынықты түрде түсіндіретін комикстер жарық көреді. Академик Есенов атындағы Ғылыми-білім беру қоры мамандарының айтуынша, бұған дейін комикстер, негізінен, ермектеме сипатында болған. Жаңа басылымның мақсаты – балаларға физика жайлы түсінік беру, жоғары сыныптарда оқып-үйренетін пәндерімен таныстыру, нақты ғылымдарға қызығушылығын ояту.

«Біз осы жанрдың іргетасын қалаушы Яков Перельманның «Қызықты физика» кітабының материалдарын пайдаландық. Сюжет желісіне тосын оқиғаларға тап болып, әртүрлі сынақтардан бірлесе шыққан төрт достың басынан кешкендері арқау болған. Комикс 10 жастан асқан балаларға физиканың қарапайым заңдарын қазақ және орыс тілдерінде жатық түрде түсіндіреді, мұндай жағдайлармен олардың күнделікті өмірде жиі ұшырасатынын және оны өздері тіпті аңғара да бермейтінін көрсетеді», – дейді жоба жетекшісі Нұрсұлтан Нұрмұқанов.

Комикс  Khan Comics арт-студиясымен бірлесіп жасалған. «Қолданбалы физиканы экшн арқылы комикс түрінде беру – әдеттегіден тыс және күрделі жұмыс. Біз балалар оны қызыға оқиды және әр басылымын асыға күтетін болады деп ойлаймыз», – дейді арт-студия жетекшісі Оразхан Жақып.

Кітаптың бірінші басылымында сюжет бойынша кейіпкерлер Шарын шатқалына тап болып, физикамен танысады.  Әрі қарай Қазақстанның басқа да көрікті тарихи жерлеріне аяқ басады. Бұл ретте, кітап авторлары кішкентай оқырмандарды сонымен қатар туған елінің табиғатымен де таныстыруды көздейді.

Комикстер алдағы жылдың басынан тарала бастайды. Басылымдардың бір бөлігі мектеп кітапханаларына тегін берілетін болады.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.