Қазақстан Мьянма үкіметін елдегі мұсылман рохинджалардың басындағы проблеманың негізгі себептерін шешуге күш салуға шақырды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Мьянмадағы жағдай бойынша өткен отырысында Қазақстанның БҰҰ-дағы елшісі Қайрат Омаров мәлімдеді.

Отырыс барысында Қайрат Омаров бір жыл бұрын 700 мыңнан астам мұсылман рохинджаның Мьянмадан Бангладешке бассауғалап қашуын әлемдегі ең ірі гуманитарлық апаттардың бірі деп атады. «Босқындардың 60 пайызы — үйлерін тастап, елден қашуға мәжбүр болған балалар. Сәуір айында Бангладешке барғанымызда олардың босқындар лагерлерінде өте қиын жағдайда тұрып жатқанына көз жеткіздік» деді Қайрат Омаров.

Ол Мьянмада БҰҰ мәліметінше, рохинджа өкілдерінің еркін жүріп-тұруына шектеу қойылғанын және білім алу, денсаулық сақтау қызметі мен өмір сүрудің басқа да тетіктерінен айырылғанын айтты.

Қазақстан елшісі Мьянмада рохинджа өкілдерінің құқығын бұзуды тексеру жөніндегі тәуелсіз комиссия құрудың өтпелі кезеңде бітімге келу және әділ сот жүргізу бағытындағы маңызды қадам екенін айтты. Омаров бұл комиссия құрамына мұсылман қауымы өкілдерін қосуды қолдайтынын жеткізді.

Отырыс барысында Мьянмадағы мұсылман рохинджалар мәселесі жайлы БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш пен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі ерікті елшісі, актриса Кейт Бланшетт те баяндама жасады.

Былтыр Мьянмада зорлық-зомбылық өршігеннен кейін ол елден мыңдаған рохинджа мұсылмандары бассауғалап көрші Бангладешке қашып барған еді. БҰҰ есебінше, күштеп көшіру кезінде 10 мыңға таяу адам қаза тапқан.

Көре отырыңыз: Рохинджа босқындарының күнкөрісі



Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.