Инновацияны қолдау және оны өндіріске енгізу жаңа индустрия қалыптастырудың маңызды шарты екені мәлім.

INSEAD халықаралық бизнес мектебі мен Корнель университеті және Интеллектуалдық меншік жөніндегі Бүкіләлемдік ұйымның қатысуымен 2007 жылдан бері жаһандық инновациялық индекс рейтингісі жарияланып жүр. Бұл орайда,  интеллектуалдық меншік құқығын алу үшін берілетін өтінім санынан бастап, мобильді қосымшалар шығару, ғылыми-техникалық жарияланымдар, ғылым-білімге жұмсалатын шығын сияқты көптеген көрсеткіштер есепке алына отырып анықталады. Жалпы алғанда, халықаралық деңгейдегі бұл рейтинг әлем мемлекеттерінің инновацияны қалай дамытып, идеяларды тәжірибе жүзінде қаншалықты жүзеге асырып отырғандығын бағалайды. Аталған рейтинг бойынша Қазақстан биыл 74-орынды иеленді. Ал тізімде 126 мемлекет бар.

Жалпы, елімізде инвестициялар және даму министрлігі жанында инновациялық жобаларға мемлекеттік қолдау көрсететін «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ жұмыс істейді. Агенттік сондай-ақ инновациялық инфраструктура – технологиялық парктер мен бизнес инкубаторлар, инновациялық кластерлер құруға да жауапты. Соңғы 3-4 жыл көлемінде, ҚР 2020 жылға дейінгі инновациялық даму концепциясын жүзеге асыру шаралары аясында аймақтық инновациялық жүйелердің аса маңызды бөлігі әрі бюджеттен тыс қаржы тарту тетігі ретінде инновацияның аймақтық кеңселері де ашылу үстінде. Осындай шаралар стартаптар мен шағын және орта бизнестегі инновацияны дамытуға одан әрі ықпал етеді деген сенім де жоқ емес.

Осындай сындарлы бағдарламалар нәтижесінде  Қазақстанның жаһандық инновациялық индекс рейтингісінде жыл сайын бірер сатыға болса да жоғарылап келе жатқаны байқалғанымен, мамандар бұл салада әлі де көкейкесті мәселелердің бар екенін алға тартады. Мәселен, сарапшы Әсел Егембердиеваның пікіріне жүгінсек, біріншіден, кәсіпкерлік пен инновацияны дамыту еліміздің бәсекеге қабілеттігін арттыру мен экономиканы диверсификациялау тұрғысындағы басым бағыт ретінде танылғанымен, кәсіпкерлік секторындағы инновациялық белсенділікті арттыруға байланысты нақты мақсаттар айқындалмаған. Екіншіден, инновациялық кәсіпорындардың көпшілігі қызметкерлердің білім, тәжірибесінің жеткіліксіздігі, инновацияға салынатын инвестиция мардымсыздығы, инновациялық жобаларға деген тәуекелді капиталдың аздығы, сонымен қатар жаңа өнімге жергілікті тұрғындар тарапынан сұраныстың төмендігі сияқты кедергілерге душар болуда. Үшіншіден, инновациялық іс-әрекетті дамыту саласында жаңадан қолға алына бастаған инновациялық жобаларға венчурлық капитал ұсынуда да түйткілді жайттар көп. Венчурлық қорлар инновациялық стартаптар дан гөрі көбінесе жұмыс істеп жатқан компаниялардың өндірістік қуатын кеңейтуге қаржы салады.

Сарапшы бұл ретте шағын және орта бизнес секторының инновация тарапындағы қажеттіліктері мен түйткілді мәселелерін талдап, таразылау қажет деп есептейді. Сонымен бірге семинарлар, инновациялық көрмелер, инновациялық марапаттар, медиа-компаниялар тәрізді мақсатты шараларды қарқынды түрде жүргізуді құптайды. Сондай-ақ ғылыми және инновациялық әл-ауқаты жоғары оқу орындары базасында дамыту жөніндегі пікірлерді алға тарта отырып, «университеттер өздерінің бизнес-идеясын дамытуға мүдделі студент жастардың ғылыми-инновациялық кәсіпкерлігін ынталандыра алар еді» дейді.

Жалпы, ЭКСПО-2017 нысандарының бірі негізінде үкіметке IT-стартаптардың бүкіл дүниежүзінен инвесторлар мен кәсіпкерлер тарту алаңына айналатын халықаралық технопаркін құру жүктелгені мәлім. Мамандар «ол үшін тиісті инфраструктура және салық жеңілдіктері қарастырылған қолайлы жағдай, визалық жеңілдіктер қажет» деп есептейді. Бүгінде Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерциализациялау және оларды өндіріске енгізіп, әрі қарай дамыту мақсатында 16 кеңсе, үш технопарк және төрт бизнес-инкубатор құрылған және олар үздіксіз экономикалық өсуді қолдау, мемлекет-ғылым-бизнес ықпалдастығы негізінде экономиканың жаңа салаларын ашу немесе дамыту тұрғысында аса маңызды. Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымы стандарттарына сай болу инновациялық даму деңгейін әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің даму деңгейіне жақындатуға мүмкіндік береді.

Қалай дегенмен де инновацияның еліміздегі даму деңгейі әлі төмен екені даусыз. Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік төрағасының орынбасары Д.Сәбденовтің пікіріне жүгінсек, соңғы бес жылда инновациялық кәсіпорындардың өсуі байқалмайды және небәрі 8 пайыз деңгейінде қалып отыр. Ал мемлекет тарапынан қаржыландыру көлемі он есеге артқан және бұл шығындардың 80 пайызы импорттық технологиялар трансферіне кеткен. Сонда отандық ғалымдар мен өнертапқыштар үлесі қайда деген сұрақ туындайды. Бұл арада мамандардың «бизнес үшін айтарлықтай ынталандыру болмайынша, Қазақстанда инновация дамымайды» деген пікірімен санаспасқа болмайды.

Р.S. Қарапайым тілмен айтқанда, иннова­ция – елдің өмір сүру деңгейін жақсартатын экономикаға айтарлықтай өсім беретін, ескімен салыстырғанда тиімді бо­латын жаңа тауар. Қай мемлекеттің болсын экономикасы заманауи әрі озық идеялар, серпінді техноло­гиялар негізінде ілгерілейді. Сол себепті де бәсекеге қабілетті елдер қатарына енуді мұрат тұтқан елдің ең әуелі ғылым мен инно­вацияға зор маңыз беруі заңды.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.