Білім және ғылым министрлігі түлектерін жұмысқа тұрғызу мәселесінде коллеждер мен жоғары оқу орындарына жауапкершілікті күшейтпек.29-тамызда Астанада өткен баспасөз мәслихатында сала министрі Ерлан Сағадиев жаңа жоспарларын таныстырды.

Былтыр білім жүйесіндегі ең үлкен бөлім – орта білімге көп көңіл бөлінді. Осы кезеңде орта білімге қатысты күрделі, бетбұрысты шешімдер қабылданды. Ал осы жылы (2018-2019 оқу жылы — ред.) жоғарғы оқу орындарына ерекше көңіл бөлініп, жауапкершіліктерін арттырамыз. Колледж, жоғары оқу орындары еңбек нарығына лайық, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауы тиіс. Біз сапаны жақсарту үшін бүгінгі қажеттілікті өтейтін заманауи білім беру бағдарламасы және  жоғары оқу орындары мен студенттерге талапты күшейтеміз,деді Сағадиев.

Министрдің сөзінше, заңнамадағы өзгерістерден кейін жоғары оқу орындары білім бағдарламаларын жылдам жаңартуға мүмкіндік алған. Мәселен, енді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы талапкерлердің біліктілігі мен біліміне, жұмысқа орналасуына қарап, жоғары оқу орындарының рейтингін түзеді. Ал бұл өз кезегінде жоғарғы оқу орындарының өз жұмыстарын ширатуға сеп болмақ.

Осы рейтинге қарап, министрлік түлектеріне сұранысы жоқ жоғары оқу орындарының лицензиясын қайтарып алатын болады, – дейді Сағадиев.

Дәл осы амалмен білім және ғылым министрлігі  техникалық және кәсіптік білім жүйесін ретке келтірмек. Министрдің сөзінше, бүгінгі күні бірін бірі қайталайтын және сұранысы жоқ 109 мамандықтың тізімі қысқартылған. Осы өзгерістен соң кәсіптік білім беретін мекемелер қосылып немесе жабылмақ. Ал колледж жұмысшыларының мәртебесін арттыруға арнайы тестілеу мен жаңа кәсіптер ашылмақ.

Баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрақтарына жауап берген вице-министр Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мектеп оқулықтарын шығаратын баспалар енді оқулықтың электронды нұсқасын да дайындауы тиіс.

Осы жылы жаңа оқулықтарға таңбаланатын QR –код арқылы оқулықтың электрорнды нұсқасын планшет немесе  мобильді қондырғыларға жүктеп алуға болады, – деді Аймағамбетов.

Дегенмен, мемлекет оқулықтардың қағаз нұсқасын басудан түбегейлі бас тартпайды. Асхат Аймағамбетовтың есебінше, үкімет бұл шараға 28,5 млрд. теңге бөлген. Ал, осы ақшаға басылған жаңа оқулықтар аймақтарға толығымен жеткізілген.

–  99, 4 пайыз (оқулық – ред.) жеткізілді. Біз қазір аймаққа жеткендігін ғана емес, әр мектепке таратылуын қадағалап отырмыз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Айтпақшы, биылғы жылы 1-11 сыныптарға арналған жаңа мемлекеттік білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары бекітіліпті.

«Енді тек қана бір типтік оқу жоспары болмайды, бірнеше ТУП-тарды дайындап бекіттік. Мектеп өзіне келетін жоспар бойынша жұмыс жасауына мүмкіндік бердік. Барлық мектептерге осы ТУП-тар арқылы академиялық дербестік беруді дұрыс деп есептейміз. Бұл жерде әр мектептің білуі қажет мәселе – қай ТУП-пен жұмыс істейтінін мектеп өзі шешеді. Жалпы мектептермен қатар гимназия, лицейлер, дарынды балаларға арналған мектептер үшін де, кешкі мектеп үшін де оқу жоспарлары мұғалімдер ұсынысы ескеріліп жасалды» деді министр. Баспасөз мәслихатын бір сөзбен қорытындылаған білім және ғылым министрі «биыл жауапкершілікті күшейту жылы» деді.

Фото: azh.kz

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.