Сапарбаев Ахметовтің алдын орап кетті

3013

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек САПАРБАЕВ  күні кеше Астана төрінде Семей ядролық полигонының жабылғанына 27 жыл толуына орай өткен жиында облыс халқы атынан «Бейбітшілік қабырғасы» монументін тарту етіп, өңір әкімдерінің бәрін де шаң қаптырып кетті. Әсіресе, бұл Семей үшін жанын беруге даяр кейіпте жүретін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ үшін үлкен «минус» деуге болады. Мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметкерлер, қалада жүрген студент-жастардан он мыңдаған адамды құрап, Ертіс ортасындағы аралға апарып 29 тамызды «Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні» деп тану туралы ұсыныстар айтқызған Семей қаласының әкімі Ермак СӘЛІМОВТІҢ әрекеті де Сапарбаевтың монументі жанында жіп есе алмай қалды. Сәлімовте жазық жоқ, бар қолдан келгені осы уақытқа дейін ресми атауы әлі күнге анықталмаған аралды «Бейбітшілік» аралы деп заңды түрде атауды жүзеге асырды. Мұның өзі өткен жылдың қазан айында Семей қалалық мәслихатының кезекті сессиясында депуттар қолдауымен жоғарыға жіберілген ұсыныс болатын. Бір жылға таяғанда барып, аралдың көнеден келе жатқан «Түйемойнақ» атауы жойылып, «Бейбітшілік»  деген атаумен енді. Шындығында бұл аралдың түбінде осы атауға ие болатыны облысты Ахметовтің алдында басқарған Бердібек Сапарбаевтың кезінде естіле бастаған.

Қайбір жылғы осы аралда өткен халықаралық жиында сол кездегі облыс әкімі Сапарбаев келешекте аралда «Бейбітшілік музейі» салынатынын да айтқан.Тіпті, музейдің салынатынына ешкімнің күмәні болмай, жергілікті архитекторлар оның әдемі эскизін жасап, Астанаға жөнелткен де болатын. Алайда, не кедергі болғанын қайдам, Назарбаевтың ядролық сынақ полигонын жапқанын үлгі етуді меңзейтін Бердібек Мәшбекұлының бастамасы жүзеге аспай қалды.

Дегенмен, бұған жасыған Сапарбаев жоқ. Шығыс Қазақстан облысының қазіргі әкімі Даниал Ахметов өңірдің бірнеше аудандары көктемгі су тасқынынан ес жия алмай жатқанда Астананың 20 жылдығы құрметіне құны 970  млн теңге шамасында фонтан салып беріп, барлық әкімнен бірінші көрінді. Алайда, «Айтысты кім бастағаны емес, кімнің аяқтағаны елдің есінде қалады» дегендей, асықпай жүріп, Астана мерекесі өтіп кетсе, де одан да маңызды тарихи күнді өз кәдесіне жарата білген Ақтөбе облысының әкімі Б. Сапарбаев Астана мерейтойымен және әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» жазуы бедерленген монументті салып беріп, Назарбаевтың алдында ұпайын түгендеп, Ахметовтен айласын асырып кетті.

Коллаж: zhasalash.kz

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.