Бостондағы жарылысқа байланысты алты жылға сотталған Қазақстан азаматы Диас Қадырбаев мерзімінен бұрын босап шықты деп хабарлайды АҚШ-тың ақпарат құралдары. Оны енді Қазақстанға депортациялайды.

Бұған дейін Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қадырбаевтың мерзімінен бұрын босап шығатынын хабарлаған.

2013 жылы 15 сәуірде Бостон марафоны кезінде болған екі жарылыстан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған. Жарылыстарды жасады деп айыпталған Джохар Царнаев өлім жазасына кесілген.

Бұл іс бойынша 2015 жылы Қазақстан азаматы Диас Қадырбаев 6 жылға сотталған еді. Айыптау қорытындысы бойынша, Қадырбаев Федералдық тергеу бюросы таратқан жарылысты ұйымдастыруға күдіктілердің суретінен Царнаевты таныған соң Царнаевтың бөлмесінен оның заттарын алып шыққан.

Бұл іс бойынша 3 жыл, алты айға сотталған екінші қазақстандық студент Азамат Тәжаяқов 2016 жылы түрме жазасын өтеп, Қазақстанға келген. Оған тергеу ісіне кедергі келтірді деген айып тағылған еді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.