Баталовты кім өтірікші етіп жүр?

1036

Конституция күні деп шенділер демалғанда, Алматы облысындағы Бақтыбай ауылындағы «шекпенді» халық мұңын көтеріп көшеге шықты. Оған себепкер, елді мекеннің ішін жарып өтетін бір жарым шақырымдық жол. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ  «Нұрлы Жол» бағдарламасы бес жылдан бері толық жүзеге аспай жатыр десе де болады.

2013 жылы басталған Алматы – Талдықорған бағытындағы республикалық маңызды жолға 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Жолдың жалпы ұзындығы 260 шақырым. Алайда, осы бағыттағы негізгі жұмыстар аяқталғанмен, бір ауылдың «қырсық» көшесі (Бақытыбай ауылындағы Қонаев көшесі) мердігердің межелі уақытын бес жылға созып-ақ тұр. Неге?

«2012 жылы (жол құрылысы бастаудан бір жыл бұрын – Қ.Қ.) Қонаев көшесінің бойындағы жерлер сатып алынады деп қолымызға қағаз берген болатын. Біздің ауыл қалаға кіре берісте болғасын республикалық жолды кеңейтпек болған. Өтемақы төлейміз деп, бағалаушы компаниялар ауланы қойғанда,  әрбір тал розамызға дейін есептеді. Кейін бұл жоба аяқасты өзгерді. Сүріледі деген үйлеріміз өз орнында қалды. Алайда, есігіміздің алдына дейін түсті. Қазір төрт бағытты үлкен жол үйге бар болғаны 2,5 метр қашықтықта тұр. Соның салдарынан талай адам жазым болды. Жағдайымызды Амандық БАТАЛОВҚА да айттық. Әкім халыққа бәрін реттеймін деп сөз берген», — дейді ауыл тұрғыны Сәуле КҮЛШЕНБАЕВА.

Жас Алаш тілшісіне сұхбат берген бақтыбайлықтар 1-қыркүйек күні жолдың ашылатынын естіп наразылық шарасына шығыпты. Конституция күні Ата заңның арнайы баптарын плакаттарға жазып, үйлерінің қабырғасына ілген.

Шененуніктер мұғалімдерден массовка жинап «Конституция күнін» тойлап жатқанда халықтың бар тілегі Ата заңда жазылған құқығымыз қорғалса деген тілекте болған. Бірақ полиция «қырағылық» танытыпты.

«Біз қатты ашындық. Ешкім бізді тыңдамай келеді. Сосын таңғы 7.00-де ауламыздың есіктеріне арнайы наразылық сөз жазылған қағаздарды жапсырдық. Арада жарты сағат өтпей-ақ полиция сау етіп жетіп келді. «Неге келдіңіздер?» десек, «Біз сіздерді күзетіп жүрміз, біреу-міреу ұрып кетуі мүмкін» дейді олар. Артынша аудан, ауыл әкімдері жиналды. Бірақ, осы жолға жауапты деп танылған «Прогресс» ЖШС басшысы келген жоқ. Олар бізге пысқырып та қарамайды», – дейді ауыл тұрғыны Райфа ХАМЗИНОВА.

Ауыл халқы әуелі жол жиегіндегі тратуарға да зар болып қалған. Оқушылар мектепке бару үшін көліктермен «жағаласып» тас жолға шығулары керек.

 

Осы мәселелерге орай, сотқа да шағым айтылған. Тұрғындардың айтуынша, сот заң бойынша жолдың үйден 50 метр алысқа түсуі керектігін айтқан. Мердігер компания бұл заңсыздықпен қоймай, үйді-үйлерге кіретін жолды да жасамай отыр екен.

«Сау адамды қойғанда, мүгедектердің кіріп-шығуы үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Тіпті, қазір жол жиегінде ашық қалған шұңқырлардан сау адамдардың өзі мүгедек болуға айналды. Мүгедек демекші, олар үшін жолдың қайқаңдық деңгейі 12 градустан аспауы тиіс болатын. Алайда сарапшылардың есебінше, біздің көшенің кей тұстарында бұл көрсеткіш 3 есеге дейін артып кетіп отыр. Соның себебінен машинаның өзі шыға алмауда. Ал қыстың қамы болған көмірдің үйге жетуі туралы ойлаудың өзі қиын. Есік алдына ешқандай көлік кіре алмайды. Сол себепті, тұрғындар енді көмірді жаңа жолдың үстіне төгіп, қапшықтап  кіргізбесе, басқа амал көріп тұрған жоқпын», – дейді тағы бір ауыл тұрғыны Эльвира ГАГАРИНА.

Бақтыбайлық жұрттың айтуынша, сөздерін тыңдайды-ау, жоғары жаққа жеткізеді-ау дегендерден де қайыр болмаған. Ескелді ауданы әкімі Бағлан ТӘНЕКЕНОВ елдің ішіне келгенімен, басын шайқап үнсіз кеткен.

Бақтыбайлықтар бұған дейін де бір неше рет наразылық шараларын ұйымдастырған. Соның бірі – 2017 жылы 14 маусымда Ескелді ауданның орталығында санкцияланбаған митингке шығып, өз арыз-тілектерін жеткізген. Алайда ол жолы да әкім-қаралардың үйіп-төгілген уәдесімен қайтыпты.

Осы ретте, ауыл тұрғындарының наразы пікірінен соң бір заңды сауалдың туындайтыны рас. Сонда Баталовты кім өтірікші етіп жүр?

 Негізгі фото: liter.kz

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

                                                                

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.