Алакөлді айшықтаған «Etnomura»

671

Табиғаты тамсандырған Үржардың қойнауынан қол бұлғайтын айдынды Алакөл жағалауы жаз бойына қыдырыстап, сейіл құрып келушілерден бір босаған жоқ. Кәдімгі еңбек демалысын осында өткізуге асыққандарды айтпағанда, Ресейден, Қырғызстаннан, арысы Германиядан ат арытқандар қатары көбейе түскен. ШҚО туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруымен жыл сайын өткізілетін «Alakol алаулары» фестивалінің биыл да жалғасуы туристер санының артуына дөп келіпті. Осы фестивальді үстіміздегі жылы 5 мыңға жуық турист тамашалағанын айтсақ та жеткілікті.

Алакөлге туристер тартып, қазақ даласының кереметін танытуға облыс басшысы Даниал Ахметов ерекше ықылас танытқаны белгілі. Ат басын бұрып келген сайын көл жағасын абаттандыру жұмыстарымен танысып, жергілікті атқарушы биліктің жауапты өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп қайтады. Біраз уақыт бұрын Алакөлге барған сапарында демалыс үйлерінің қызмет сапасының келешекте Түркиямен бәсекелес болуы қажеттігін де тапсырған еді. Сол тұрғыда 2023 жылға дейін «Алтайдың інжу-маржаны» атты өңірлік мәдени-туристік кластерін құру жоспарын да айтқан.

Иә, шынында да суы шипалы Алакөл жағалауының бүгінде сән-салтанаты айрықша. Соңғы екі жылда көл жағасын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 6 млрд теңге қаржы бөлінген. Абаттандыру туралы тілге тиек еткенде, үстіміздегі жылы арнайы жарияланған бір айлық байқауда аты озған алматылық «Etnomura» компаниясының архитектуралық жобасы алға шыққанын атап айтқанымыз абзал.

 -Алакөлдің арбатына келгендердің отырып демалуына, уақытын өткізгенде әдемі көріністерді тамашалауына жете көңіл бөлдік,-дейді «Etnomura» компаниясының Алакөл жағалауларын көркейту жөніндегі бас инженер Бақыт Рақышев- Архитектуралық келбетін қалыптастыруда көп іздендік. Рас, біраз шетелдерді аралап, ондағы теңіз жағалауларының безендірілу барысын да зерттедік. Қажеттілеріне зер салдық. Мұндағы көріністер сол ізденісіміздің нәтижесі. Жұмысымызды үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде бастап, 15 маусымда тапсырылған уақытта аяқтадық. Бір айтатын жай, арбатқа пайдаланылған құрылыс материалдарының бәрі де отандық өндіріс орындарыныкі. Сапасы ойдан шығады. Дизайн-интерьерлік жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне «Etnomura» компаниясының құрылтайшысы Сиитов Сәрсеннің сіңірген еңбегі зор. Алдағы жылы да шипалы көлдің жағасын көріктендіруге лайықты үлесімізді қосу ойымызда бар. Әзірге жаңа арбаттың 320 метрі, бұрынғы арбаттың 430 метрі түгелдей өрнектелді. Ісімізді бұйырса жалғастыра беретін боламыз.

 Иә, айтса айтқандай Алакөл жағалауында алдағы уақытта туризм талаптарына сай жұмыстар жалғаса беретіні көрініп тұр. Бас инженер Бақыт Бадайұлының айтуынша, «Etnomura» бұған дейінгі абаттандыру саласында Астана, Өскемен, Ақтөбе қалаларында өз қолтаңбасын  қалдырған. Айтпақшы, Алакөлге жолы түскеннің жанарын бірден арбайтын әдемі «ALAKOL» жазуы да осы компания сәулетшілерінің қолынан шыққан екен. Талай туристер мен демалушылардың суретке түскенде келетін осынау нысаны қазақтың киелі көлін бұрынғыдан да жақынырақ таныта берері сөзсіз.

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.