Мың адамның тағдырынан бір фабриканың құны қымбат.

Бұл – Талдықорғанға іргелес жатқан Мойнақ ауылына аяқ басқанда түйген ой. Себебі, ондағы аты «Когер» ЛТД құс фабрикасы (ЖШС) өзін көктеткенімен бір ауылдың көсегесін көгертпей отыр. Бұл туралы аталған ауылда болып, жағдайды көріп қайтқан «Жас Алаш» сайтының Талдықорғандағы меншікті тілшісі хабарлады.

Мойнақ ауылы – Талдықорған -Үштөбе бағытындағы жол бойына орын тепкен елді мекен. Тұрғындар саны 1000-нан астам. Халықтың күн-көрісі – мал шаруашылығы. Ауыл шекарасының бір шеті Қаратал өзенімен тұйықталса, қалған бөлігі негізінен таулы-адырлы келеді. Осылайша тек қана төрт түлік табысына иек сүйеуді қанағат еткен ауылды енді іргелес орналасқан алып құс фабрикасы «жұтып» қоюы мүмкін.  «Қоршауда» қалған ауылдан қоныс аударып «құтылғандар» көп бүгін.

Аммиакқа уланған ауыл

«Маған Дүйсебек деген Мойнақ ауылының тұрғыны телефон шалды. «Ауылға іргелес орналасқан құс фабрикасынан адам төзгісіз сасық иіс шығып жатыр»  деп. Сосын мен Талдықорған қаласының қоғамдық  денсаулық сақтау басқармасының заңгеріне хабарластым. Мен одан бұрын да оларға ескерткенмін. Мұндай сасық иіс шыққан кезде зертхана қызметкерлері барып тексеруі керек деп. Алайда олар иіс шықпайтын, күндізгі уақыттарда келгендіктен мәселені анықтай алмай қайтқан. Бұдан соң Алматы обылысы экология департаментіне хабарласқанымда  олар исті анықтайтын аппарат жоқ деп бастарын алып қашты. Ал ауыл болса құс саңғырғы мен зәрінен пайда болған аммиак иісіне уланып отыр. Мұндағы балалар денсаулығы туралы сөз айтудың өзі қиын», – дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі Алматы облысының арнайы мониторинг тобының мүшесі Қайрат НҰРХАНОВ.

Аммиакқа уланған ауыл
Қайрат Нұрханов

Осы ретте, мәселенің мән-жайын білу үшін Дүйсебек ақсақалға (суретте) жолыққанымызда ақсақал бүгінде ауыл берекесінің кеткендігін, оған аталған құс фабрикасынан шыққан иістің себеп болып отырғанын айтады.

Аммиакқа уланған ауыл
Дүйсебек Бөлебаев

-Міне, қазір де шығып тұр. Бұл біз үшін күнделікті үйреншікті әлсіз иіс. Ал кешке қарай шіріген жұмыртқалар мен өлген құстарды жинап әкеп өртегенде қап-қара түтін ауылды кеп жабады. Оған шыдап тұру мүмкін емес. Ал оның халыққа зияны туралы да ешкім бас қатырып жатқан жоқ, – дейді Дүйсебек БӨЛЕБАЕВ.

Аммиакқа уланған ауыл
Құс өртейтін пеш

Қайрат Нұрхановтың айтуынша, бұл мәселеге орай Алматы облысы бойынша «Экологиялық альянс» «Байтақ Болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестік филиалы Мойнақ ауылының тұрғындары атынан Алматы облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шағымданған.

-Біздің талап арызымыздың дәлелі жоқ, негізсіз деп қайтарып тастаған. Тіпті сот залына сол Құс фабрикасының басшылығын шақырмай, сотты болғызбағандарына қарағанда бұл үлкен бір сыбайласқан жайт деп білдік. Сондықтан біз бұл талпынысымызды жай жылы жауып қойғанға жол бермейміз. Себебі, бұл ауылда бір серіктестіктің кесірінен мың адамның тағдыры ойыншыққа айналып отыр, – дейді ол.

Аммиакқа уланған ауыл

Осыған байланысты ауыл тұрғындарының бастауымен аталған серіктестік айналасын аралап көрдік. Байқасаңыз, ауыл тағдыры шынымен адам шошырлық хәлде. Ауылды айнала қазылған орды айтпағанда (ауыл тұрғындары ауылды майдан даласына теңеп те айтады – Қ. Қ.), Тау бөктеріне төгілген қалдық заттан аяқ алып жүрудің өзі мүмкін емес.

Аммиакқа уланған ауыл

Мойнақтықтар осы қоқыс заттардың көктемде таудағы ескі арнамен  аққан қар суымен ауыл іргесіне дейін келіп, онан ары Қаратал өзеніне құятынын айтады.

Аталған жайға байланысты біз де Қалалық қоғамдық денсаулық қорғау басқармасының басшысы Ермек ӘСЕМҚҰЛОВҚА хабарласқан едік. Алайда телефон алдыра алмадық. Бұдан соң Алматы обылысы экология департаментінің маманы Ерасыл БЕКЖАНОВҚА тілдескенімізде, ол өздерінің бұл істе құқық қорғау органдары секілді құзіреті жоқ екенін айтып ақталды.

Аммиакқа уланған ауыл

-Біз бұл мәселеде тікелей барып тексеріс жүргізе алмаймыз. Ол үшін Мойнақ ауылының тұрғындары жазбаша арызын жеткізуі керек. Біз сосын сол арыздың негізінде лабораториялық тексеріс жүргізе аламыз, – дейді Ерасыл Бекжанов.

Алайда, мойнақтықтар бұл мәселенің бүгін ғана көтеріліп отырмағанын, өздерінің бұған дейін талай емен есікті тоздырып арыз жазғанын, тіпті сол экологтар келген күннің өзінде ештеңе бітіре алмайтынын алға тартады.

«Бұл мәсәледе жүйелі тексеріс керек. Себебі, сол эколгтар тексеріп келді дейік, бірақ олар күндіз ғана зерттейді. Ал барлық заңсыздық – өртеу жұмыстары кешке іске асырылады. Шындап келгенде, есігіміздің алдында қоқыс өртеуге тиым салатын экологтар бұл фабриканың жарақсыз қалдықты ашық өртеуіне де жол беріп отыр. Міне, мұның бәрі түйіткілді  үлкен мәселе. Ендігі үмітіміз тек өткен жылдың өзінде халықшыл әкім атанған Амандық БАТАЛОВТА»,– дейді Ерғазы АЙТУҒАН есімді ауыл тұрғыны.  

Аммиакқа уланған ауыл

 Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.