Алматыда «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» атты дөңгелек үстелге қатысқан сарапшылар дәстүрлі діннің деструктивті және радикалды діни ағымдардан аражігін ажыратып берді.

Бұл шараның мақсаты – Алматы тұрғындарына дін мәселесіне қатысты заңнаманы егжей-тегжейлі түсіндіру және діни экстремизм мен терроризмге төтеп беру жолдарын талқылау еді. Жиынға қатысқан теолог Тұрсын Құдайқұлов діни экстремизмнің алдын алу жолдарын түсіндіріп, қоғамның зайырлы даму жолдарына тоқталды. Ол сондай-ақ дін саласындағы аймақтық ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарын жақсарту мәселесін сөз етті.

Жиында дін саласына қатысты заңнамаға енгізілген өзгерістер талқыланып, сарапшылар мен қала тұрғындары өзара пікір алмасты. Іс-шарада сонымен қатар діни бірлестіктердің жұмысы, билік пен діни бірлестіктердің қарым-қатынасы және азаматтардың құқықтары тілге тиек болды. Басқосуға келген қала тұрғындарына қазақ және орыс тілдерінде жазылған түсіндірме материалдары таратылды.

Жалпы, мұндай түсіндіру жұмыстары Алматыда ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде жүргізіліп тұрады. Облыстардағы дін істері жөніндегі басқармалар халықпен жұмыс істейтін ақпараттық топтар ұйымдастырып, оларды аудандарға тұрақты түрде жібереді. Сондай-ақ дін істері жөніндегі басқармалар теологтар жалдап, кезінде деструктивті діни бірлестіктерге кіріп кеткен азаматтармен жеке-жеке жұмыс жүргізеді.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.