1990-жылдардың басында әскерден оралып, өзге әлемге түскендей болдық. СССР жоқ,  жұмыс жоқ, колхоз, совхоз жоқ,  ауыл азған, жұрт тозған.  Қытайдың «Адидас» деген жаман  трикосын, бір аптада табаны қақырап түсіп қалатын ақ кроссовкасын киіп алған бозбалалар мен жігіттер ауылды жаңадан пайда бола бастаған «бизнесмендерден»  қытайлық пластмасса бөтелкедегі арақты қарызға алып,  уақыт өткізеді.  Басқа ермек жоқ, клубта құлып.  Әскерден келген біздер де жинала қалып, тиын-тебен қамымен қала жаққа жиі аттанатын көп туыстың  бірінің бос үйінде карта соғатынбыз,  «әңгіме-дүкен»  құратынбыз.  Ата-ана, аға-әпкелерімізден жасырынып, қай үйде бас қосатынымызды ешкімге айтпаймыз. Ал үлкендер шарқ ұрып іздейді, өйткені олар дер кезінде шырқымызды бұзбаса түн ортасында әскерден оралған, қаны ойнап тұрған  кіл ноян тұтас ауылдың шырқын бұзамыз…  Көп өтпей жиынымыз құпия болудан қалды. Қай үйге тығылсақ та  әпкем төбемізден түсетін болды. «Жүр!» – дейді де дедектетіп әкетеді, «Тараңдар!» – дейді де тым-тырақай қуады. Үлкеннің бетіне қарайтын заман емес еді, көнеміз. Ертеңіне бірімізге-біріміз:  Түн ортасында қай үйде отырғанымызды қайдан біледі? – деп қайран қалып жүрдік. Ақыры достарым әпкемді «Комиссар Катани» деп кетті. Үйленіп, бір-бір отбасының егесі атанғанша Катаниден жасырына алмадық. Енді әйелдерің бар, солар қарап жүрсін, өңшең жүгермек, – деп  күліп, із кескенді өзі қойып кетті.    Ал қалай тауып алатынының құпиясын осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана білдім.

-Сені сары ит сатып жіберетін…– деп күледі.

-Сары иті несі?

-Мойнақ ше?

Мойнақ деген сарыала дүрегейім болған. Адал еді. Қайда барсам да ізімнен қалмайтын, мал бақсаң қасыңда, атқа шапсаң артыңнан тілі салақтап жүретін. Тас атып қусаң да анадайдан қарап тұрып, ақыры ілесіп алатын. Сөйтіп жүріп аудандағы бір үлкен бәйгеде нөпір арасында менен көз жазып қалды… Таба алмадым.

-Иә, Мойнақ қалай сатады?

-Сен көшеге шыққанда ол үнемі соңыңа ілесетін. Көп жігіттен қорқақтап, жаныңа жуымайды, тек алыстан қарайып жүреді. Абыр-гүбірмен байқамайсыңдар. Сосын сендер жиналған үйдің алдына барып, күтіп  жатады. Менікі түк қиын емес, көшеге шығып бір-екі рет «Мойнақ» деп дауыстаймын. Сары ит құйрығын бұлғаңдатып жетіп келеді. Біраз еркелеп тұрады да берер түгім жоғын түсінген соң келген жағына  қайта тарта жөнеледі. Соңынан ілесіп барып, тауып аламын…

Әпкем осыны айтқанда рахаттана күлдім. Аңғал екенбіз ғой…

Есіме саясаттағы қожайындарының соңынан шұбырып жүргендер түсті. «Мойнақы тәсілді» соларға қолдансаң болады екен. Қай пысықайдың қай маңайда жүргенін бажайлап, ол өңірде немесе мекемеде кім бастық  екенін білуге болады. Бірақ сол бастықтың  соңынан қалмайтындар да менің  сары итімдей адал ма екен?

Фото: fotogl.com

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.