Кейбір жас келіншектердің баланы бесікке бөлеуді «ескіліктің сарқыншағы» дейтіні жасырын емес. Көпшілігі машақаты мол жұмыстан қашып, заманауи тербелгіш төсектерді таңдайды. Жұрттан сұраныс болғаннан соң, саудагерлер оның түр-түрін әкеліп қойған. Базарда да, дүкендерде де толып тұр. Қуаттандырып қойсаңыз, өздігінен тербеледі, тіпті бесік жырын да өзі айтып береді. Тек бір ғана кемшілігі бар: ол – нәрестенің аяқ-қолын бос қойған соң, тыныш ұйықтай алмайды және тазалық сақталмайды.

Жаһандану үдерісі тәрбиенің бастауы саналатын бесікке келіп жеткен соң, не шара дерсіз… Дегенмен ел ішінде амалдың жоқтығын айтып, қол қусырып қарап отырмаған бір азамат бар екен. Ол – қазіргі заманауи талапқа сай жиналмалы бесік жасаған тараздық өнертапқыш-шебер Пернебек Ахметов. Оның бұл кәсіпке ден қойғанына алты жылдан асыпты.
– Бірде отандық телеарналардың бірінде сәбилерге кигізетін памперстің зияны туралы айтып жатты. Оның балалардың денсаулығына қауіпті екенін тіпті сіз бен біз болжай да бермейді екенбіз. Ал жас келіндер нәрестесін бесікке бөлеудің машақатынан қашады. Сондағы айтар уәжі – бесіктің үлкендігі, ары-бері көтеріп жүрудің қиындығы. Осының бәрін ой елегінен өткізіп, жиналмалы бесік жасап көруге бел будым, – дейді өнертапқыш-шебер.
Кез келген істің бірден жеміс беруі екіталай. Бастапқыда талпынысы нәтижесіз болады. Ойы ісімен қиюласпайды, үйлеспейді. Бірақ ол да алған бетінен қайтпайды. Таныстарының үйіндегі ескі бесіктерді жинап әкеліп, бұзып қайта құрастырады. Ұзақ ізденістен кейін алғашқы жиналмалы бесік те дайын болады. Оған «Әсем бесік» деп ат қойып, патенттеп алады. Қазір оның қолынан шыққан жиһазға деген сұраныс жоғары. Еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс берушілер көбейген. Тіпті Пернебек Ахметовтен кейін Қытайдағы қандастарымыз да жиналмалы бесік құрастыруға талпынып көріпті. Әйтсе де олардыкі тараздық өнертапқыштыкіндей сәтті шықпапты.
Бұл бесіктің ерекшелігі – жиналғанда шағын сөмкеге сыйып кететінінде. Алыс жолға сапарға шықсаңыз да, көтеріп жүруге ыңғайлы әрі жеңіл. Мұндай бесігі бар отбасына памперс сатып алудың да қажеті шамалы. Қазір кәсіпкер оны әрі қарай жетілдірудің түрлі тәсілдерін ойластыруда. «Бесікті тербеткенде күй ойнап тұратындай етіп қайта құрастырсам», – дейді өнертапқыш. Пернебек Ахметов өзі құрастырған жиналмалы бесікке Америкадан, Германиядан сұраныс түсіп жатқанын айтады. Бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін көрсетсе керек.
Пернебек Ахметовтің әкесі Қыдырбек те он саусағынан өнер тамған шебер, өнертапқыш. Қазір оның немересі Аят та қолөнерді дамытып, үстел, жүзік жасап жүр. «Болашақта киіз үй, ер-тұрман жабдықтарын құрастырып, сүйектен домбыра жасасам деймін. Киіз үйге арналған дөңгелек жозы жасау да ойымда бар. Малдас құрып отырып қымыз ішіп өскен қазақ баласы қайратты болған. Өскелең ұрпақ қазақы мінезінен ажырамағанын қалаймын», – дейді шебер.
Қазіргі кезде кәсіппен айналысамын деушілерге жол ашық. Бұрынғыдай емес, бизнеске деген қоғамның да көзқарасы өзгерген. Тек қандай өнім шығару керегін білсеңіз болғаны. Сондықтан Әулиеатаның әсем бесігі әлемге танылатын, таралатын күндер де алыс емес шығар.

Есет Жаңабай

Тараз қаласы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.