Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық балалармен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығының директоры Балжан СИНАЕВА мен бас есепшісі Гүлмира ИБРАИМОВА  сотталды. Білім саласының қызметкерлеріне «мемлекет қаржысын» жымқырды деген айып тағылған болатын. Өздеріне сеніп тапсырылған қаржыны талан-таражға салып, жеке бастарына жұмсап жіберген сотталушылардың құйтырқы әрекеті әшкереленді.

Қызығы Балжан Синаева 2009 жылы «Жыл мұғалімі» атанған еді. Ол кезде №1 Қалтай МҰХАМЕДЖАНОВ атындағы мектеп-лицей директорының орынбасары болған.

Қылмыстық істе көрсетілгендей, орталық директоры мен есепші қызметтерін асыра пайдаланған. Орталық басшысы 2017 жылдың қыркүйек айы мен 2018 жылдың наурыз айы аралығында «Шахмат» үйірмесіне жетекшілік етуді өзіне міндеттеп алған. Балаларға әлемдегі ең күрделі ойынның қыр-сырын үйретуге тиісті педагог 4 сағаттық апталық жүктемесін нақты жүргізбеген болып шықты. Соған қарамастан орынбасарына тапсырма беріп, жұмыс табелін бекітіп, жалақы алып отырған. Тексеру кезінде заңсыз еңбекақының жалпы сомасы 208 мың теңгені құрағаны анықталды. Директордың жасаған тәртіп бұзушылығы жалғыз бұл емес. Ол қарамағындағы есепшісіне тапсырма беру арқылы 2017 жылдың ақпан, маусым, қыркүйек айларында еңбеақы есебінен алдын -ала 362 мың теңгеден астам ақшаны өз есеп — шотына аудартып алған.

Алайда, бұл қаржыға қанағат етпеген басшы 2018 жылдың қыркүйек айында да жұмыс жасамаған уақытынан қосымша 90 мың теңгені алдын — ала төлетіп алады. Сот отырысы кезінде орталық директоры мемлекет қазынасына барлығы 437 мың теңге залал келтіргені дәлелденді.

Есептен қателескен орталық есепшісінің қылмыстық әрекеті де бүге-шүгесіне дейін зерделенді. Сотталған бухгалтер директордың есеп-шотына артық аударылған қаржының тек 223 мың теңгесін айлығынан бөліп-бөліп ұстаған болып шықты. Қалған 228 мың теңгені бас пайдасына жаратып жіберген. Осылайша, мемлекет қаражатын өз қалтасындағы ақшамен шатастырғандар тұтылды.


«Сотталушы кісілердің екеуі де әйел азаматтары. Тергеу кезінде олар өз кінәларын толықтай мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін білдірді. Мемлекетке тигізілген шығын толықтай өтелді. Осы жағдайларды ескерген судья оларға бас бостандықтарынан айырмау жазасын кесті. Орталық директоры мемлекеттік ұйымдарда басшылық қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 5 жылға бас бостандығы шектелді. Ал орталық есепшісінің енді өмір бойына бухгалтер болып жұмыс жасауына құқығы жоқ. Сондай -ақ, оның үш жылға бас бостандығы шектелді», — деді Қызылорда облыстық сотының баспасөз хатшысы Ардақ СМАНҒАНБЕТОВА.

Фото: a-gazeta.ru

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.