БҰҰ Сирия президенті Башар Асад пен оның одақтасы Ресейге Идлиб провинциясында әскери операция бастағанына байланысты ескерту жасады. БҰҰ қарулы оппозиция бақылауындағы бұл аймақта үш миллионға тарта бейбіт халық, оның ішінде Сирияның басқа аудандарынан барған босқындар да тұратынын еске салды. 4 қыркүйекте және 5 қыркүйек күні таңертең Сирия әуе күштері мен Ресей әскери ұшақтары Идлиб провинциясы мен Хама провинциясының солтүстік аудандарын бомбалаған. 

Қыркүйектің 5-і күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған операция бастауға қарсылығын білдірді. Ол Идлибтегі жағдайды 6 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путинмен және Иран президенті Хассан Роуханимен кездесуінде талқыламақ ниеті барын айтты.

Reuters агенттігінің Сирия адам құқығын қадағалау орталығына сілтеме жасап хабарлауынша, провинцияның Жисра-аш-Шугур ауданы бомбаланған. Әрқилы мәліметтер бойынша, кеше бомбалаудан 13 бейбіт тұрғын қаза тапқан.

Ресми Дамаск бұған дейін Идлибті бақылауына алғысы келетінін бірнеше рет мәлімдеген. Ал Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров провинцияны «іріңді жара» деп атаған.

Идлиб — Сириядағы қарулы оппозиция қолында тұрған соңғы анклав. Бұл аумақтың бір бөлігі БҰҰ террорлық ұйым деп таныған «Хайят Тахрир аш-Шам» тобының қол астында, басқа бөлігін Сирия ерікті армиясының жасақтары мен Асадқа қарсы басқа да топтар бақылайды.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.