Ұлыбритания үкіметі осы елдің Солсбери қаласында тұрып келген бұрынғы ГРУ агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальге у беріп қастандық жасаған екі күдікті туралы мәлімет жариялап, оларды «ресейлік арнайы қызмет агенттері» деп сипаттады.

Сәрсенбі күні парламентте сөйлеген Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй қастандық жасаушылардың Ресей билігінің тапсырмасын орындағанын айтты.

Бұдан бірнеше сағат бұрын 5 қыркүйекте Ұлыбританияның прокуратурасы осы елде уланған ГРУ-дің бұрынғы агенті Сергей Скрипаль мен қызы Юлияға Солсбери қаласында қастандық жасады деген күдікке ілінген екі адам туралы мәлімет жариялады.

Ресми ақпаратқа сәйкес күдікті ресейлік азаматтардың аты-жөндері Александр Петров және Руслан Боширов. Полиция олардың жас шамасы 40-та екенін, жалған құжатпен келіп-кеткенін мәлімдеді. Тексеру мәліметіне сәйкес, 2 наурыз күні олар «Аэрофлот» рейсімен Лондондағы Гэтвик әуежайына ұшып келіп, Скрипальдар уланған 4 наурыз күні Ресейге қайтқан.

Оларға Сергей және Юлия Скрипальді және ұлыбританиялық офицерді «Новичок» атты жүйке жүйесінің уын беріп қастандық жасамақ болды деген айып тағылған. Үш зардап шегуші де аурухана реанимациясына түссе де, тірі қалған еді.

Ұлыбритания прокуратурасының өкілі Сью Хэммингтің сөзінше, Лондон Мәскеуге күдіктілер Петров пен Бошировті экстрадициялау туралы өтініш түсіріп әуре болмайды. Өйткені Ресей шет елге азаматтарын бермейді. Бірақ екі күдіктіге қатысты Еуропа аумағында төбе көрсеткен жағдайда тұтқындау туралы ордер берілген. 

Көре отырыңыз: Скрипаль ісінен соң Батыс Ресейді қайтіп қыспаққа алды?

Полицияның мәліметіне сәйкес, «Новичок» уын екі күдікті Ресейден әтірдің құтысына құйып әкелген де, уды Скрипальдің Солсберидегі үйінің сыртқы есігінің тұтқасына жағып кеткен. Құтыны маусым айында көршілес Эймсбери қаласының тұрғыны Чарли Роули тауып алған. Ол аман қалса да, досы Дон Стерджесс уланып өлген. Полиция құтының наурыздан маусымға дейін қайда боғанын әлі анықтай алмаған. Сол себепті ресейлік екі күдіктіге Стерджесті өлтірді деген айып әзірше тағылмаған.

Ресейдің сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания жариялаған фото мен күдіктілердің аты-жөндері шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.