Алматыда «Рухани жаңғыру», қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында U38 университеттер альянсы студенттерге қоғамға қызмет ету бойынша курстар жүргізу туралы бастама көтерді. Бұл туралы әлемдік тәжірибелерді таратуға арналған Community Service Learning бағдарламасын Алматы университеттеріне енгізу туралы семинарда айтылды.

U38 альянсының төрағасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың проректоры Шолпан Жамалбаеваның айтуынша, қоғамға қызмет ету ­– негізгі құндылықтардың бірі. Бұған Қазақстанның барлық студент жастары атсалысуы керек.

Бұл туралы AlmaU-дің ректоры Гүлмира Құрғанбаева:

– Қоғамға қызмет етудің концепциялары туралы айтқанда, біз азаматтарды әлеуметтік жауапкершілікке дағдыландыруды көздейміз. Мақсатымыз – студенттердің жауапкершілік сезімін қалыптастырып, қоғамдық белсенділікті арттыру, – дейді.

Профессорлық оқытушылар құрамының пікірінше, қоғам алдындағы өзінің әлеуметтік міндетін терең сезіне білетін мамандарды дайындау – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі талаптарының бірі.  Осыған байланысты Алматыдағы университеттер жалпы білім беру процесі аясында студенттерді оқытудың «қоғамға қызмет ету» жүйесіне көшуге дайын. Ал бұл жүйеге ауысып үлгерген жетекші университеттер жер-жерде семинар-тренингтер өткізу арқылы өзге ЖОО-ларға методикалық тұрғыда көмектесіп отырады.

«Бұл – мен үшін де, студенттер үшін де жаңа дисциплина. Бір ай бойы студенттер университет қабырғасында, аудиторияда сабақ өтеді. Лекция – тәжірибе – семинарлар… Сабақ уақытында біз студенттерді командаларға бөлеміз, сосын олар ұйымдарды, біз бірге жұмыс істеп жатқан өзге де серіктестерді өздері таңдайды. Біз сөйтіп жан-жақты жұмыс істей бастаймыз. Мектепті жаңа бітіргендеріне қарамастан, жастар жұмысқа өте белсенді. Бірінші курстықтардың 80 пайызы алғашқы дәрістен кейін-ақ бізге келіп: «Біз жұмыс істейміз, бұл бастама бізге ұнайды», – деп айтады. Бізде Service Learning курсынан өткен студенттер бар, олар қазір «Қызыл Крест» ұйымында жұмыс істеп жүр. Оның сыртында, олар да алғашқы медициналық көмек көрсету туралы тренингтер өткізіп тұрады. Бұл оқытуға бірінші курс студенттері түгелдей қатысуда. Service Learning курсының бірінші және екінші семестрі міндетті есептеледі. Нәтижесінде жыл соңына қарай олардың әрқайсысында өзіне тиесілі әлеуметтік жобалары болады», – деп атап өтті AlmaU-дің оқытушысы Гүлнара Сепулова.

Алматыдағы 38 университеттің өкілдері қатысқан алғашқы семинарда Almaty Management University-дің тәжірибесі көпшілік назарына ұсынылды.

«2015 жылдан бастап Community Service Learning тәртібі барлық студент үшін міндетті саналады. Бұл оқыту курсы бойынша студенттер қарттар үйі, мүгедектер үйі сияқты өзге де әлеуметтік ұйымдарда жұмыс істей отырып, қоғамға қызмет етуді үйренеді. Сондай-ақ өз білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көруге мүмкіндік алады», – дейді AlmaU-дің бірінші проректоры Алмагүл Қанағатова.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова да мұндай тәртіпті енгізудің механизмі жайлы ойымен бөлісті: «Қоғамға қызмет ету» методикасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да әртүрлі бағыттағы ұстаздар арқылы іске асып келеді. Олар өздерінің курстарында әлеуметтік маңызы бар, күнделікті өмірмен тығыз байланысты жобалар мен тапсырмаларды іске асырады. Бұл тапсырмалардың орындалуында жергілікті қоғамның пікірі мен бағасы да есепке алынады. Оқытудың барлық кезеңіндегі оқу процесі нақты мекемелердегі тәжірибелермен сәйкес келетіндіктен, бұл студенттің ерікті түрде өзінің және өзге де мамандықтарды игеруіне жақсы мүмкіндік береді».

Жаңа масштабтағы U38 альянсының жалпы тәртібін Almaty Management University үйлестіріп отырады.

Universities 38 Алматы университеттерінің альянсы оқытушылардың мүмкіндігін нығайтып, күштерін бір жерге шоғырландыру үшін және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында құрылған. Альянс университеттерді рухани жаңғырудың драйверіне айналуына мүмкіндік береді. Бұл бірлестік бүгінде тәжірибе алмасу мен жаңа жобаларды іске асырудың алаңына айналып үлгерді. Альянстың бастамасымен осыған дейін ағылшын тілін оқыту бойынша Almaty study English project, «Алматы туралы 100 қызықты мәлімет» сияқты жобалары іске қосылды.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.