Астанада 6 қыркүйек күні ондаған адам «Астана банкінің» Сауран көшесіндегі бөлімшесіне жиналып, банктен бірнеше күннен бері ақшасын ала алмай жүргеніне наразылық білдірді.

Сәуле Мұқашева есімді салымшы Азаттыққа біраз бұрын пәтерін сатып, ақшасын банкке салғанын, енді оны ала алмай отырғанын айтады. Салымшылардың сөзінше, бұған дейін ақшасын қайтаруды 31 тамызға дейін тоқтатқан банк осы күнге дейін қаржысын бермей отыр. Ақшасын теңгемен салған клиенттер доллар бағамы қымбаттап жатқандықтан «ақшамыз құнсызданып барады» деп алаңдайды.

Өзін Сұңғат Байболатов деп таныстырған банк қызметкері бөлімше директоры Жасұлан Тоғызбаевтың «Нұр Отан» партиясына жиынға кеткенін, түстен кейін келетінін айтқан. Директорды күткен салымшылар онымен осы уақытқа кездесе алмай отыр.

«Астана банкі» салымшылары соңғы бірнеше айда осымен екінші рет ақшасын талап етіп отыр. Маусымның басында ондаған адам банктен ақшасын ала алмай жүргенін айтып, наразылық танытқан.

18 сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк қызметін қорытындылаған жиында «жұмысын сәтсіз жүргізіп, одан ары мемлекеттен қолдау көрген банктердің ешқандай нәтиже көрсетпегенін» айтқан.

«Сондықтан барлығына Ұлттық банкті қыспаққа ала беруді тоқтатуға кеңес беремін. Қазір «Эксимбанк», «Астана банкі» және Qazaq Bank банктері акционерлері нашар басқарып, салымшыларына жауап бере алмай, қарыз болып қалғандықтан көрсеткіштері нашарлап кетті. Олар қалай жұмыс істей алады? Парламент депутаттарын араластырып, Ұлттық банкке қысым жасай беруді тоқтатыңыздар деп тағы да айтам» деген Назарбаев.

Бұдан соң «Астана банкі» өзінің тұтынушылары, серіктестері мен несие берушілері алдындағы барлық міндеттемесін «тұрақты орындап отырғанын» мәлімдеген.

Кейін банк 22 сәуір мен 2 амыр аралығында жеке тұлғалардың банктен ақшасын алуы мен ақшалай аударым жасауына шектеу енгізген.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.