Ауғанстан билігі елдің солтүстік-батысындағы Бадгис уәлаятында 6 қыркүйек күні таңертең «Талибан» содырларымен шайқаста ауған армиясының 11 сарбазы оққа ұшқанын хабарлады. Шабуылдан кем дегенде 13 содырдың көзі жойылған.

Бүгін сонымен қатар Тахар уәлаятында да содырлар Хавья-Гар ауданында тексеру және өткізу бекетіне шабуыл жасап, сегіз полиция қызметкерін өлтірді. Бұл жайында уәлаят кеңесінің мүшесі Рохулла Рауфи хабарлады. Оның сөзінше, шабуылда содырлар бір полиция қызметкерін кепілге алған.

5 қыркүйекте Кабулдың негізінен шииттер тұратын ауданында спортшылардың жаттығу орталығында екі жарылыс болып, 20 адам қаза тапқан, 70-тен астам адам жараланған. Алғашқы жарылысты жанкешті жасаған. Бір сағат өткенде орталықта бомба жасырылған көлік жарылған. Жарылыстан қаза тапқандар арасында оқиға орнына барған телеарнаның бір журналисі мен операторы бар. Шабуылды «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы мойнына алған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.