Бүгін кезектен тыс өткен Семей қалалық мәслихатының сессиясында кәдімгідей «Рухани жаңғыру» болды. Яғни, бұған дейін күн тәртбіне ұсынылған мәселелерді орыс тілінде талқылайтын депутаттар мен баяндама жасайтын әкімдіктің бөлім басшыларын «орысша қабылдап» үйренген БАҚ өкілдері үшін бұл өзгеріс «Осы еді ғой күткенім баяғыдан» деген ән жолынан кем соққан жоқ.

19 мәслихат депутаты қатысқан сессияның күн тәртібіне ұсынылған төрт мәселе де мемлекеттік тілде назарға алынып, тыңдалып, еш ың-шыңсыз бірауыздан мақұлданды. Сессия тізгінін қолға алған депутат Дариға ДАЙЫРОВАНЫҢ шақыруымен Семей қаласының 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне қатысты қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлжан АЛТЫНБЕКОВА баяндама жасады. Бөлім басшысының айтуынша, қала бюджетін облыстық бюджеттен түсетін трансферттер есебінен 787, 1 млн. теңгеге ұлғайту көзделіп отыр.

Келесі кезекте Семей қаласы әкімдігінің құрамын бекітуге қатысты шешім күні бұрын шешіліп қойылғандықтан шығар, айтарлықтай жаңалығы болған жоқ. Десек те Семей қаласының ішкі саясат басшысы қызметін атқарған Айдар САДЫРБАЕВТЫҢ ШҚО ішкі саясатына ауысуына орай әкімдік аппараты құрамынан шығарылып, орынына қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Құдайберген СЕЙІЛХАНОВТЫҢ енгізілгені мәслихаттың күнтәртібіне ұсынылғаны қызық көрінді.

Бұдан кейін жер салығының мөлшерлемелеріне түзету жайы таныстырылды. Соңғы мәселе – сайлау комиссияларынан шыққандардың орынына жаңадан мүшелер сайлауға қатысты мәслихат хатшысы Бейсенбек АҚЖАЛОВТЫҢ өзі мінберге шықты. Б. Ақжаловтың сөзіне сүйенсек, 120 кандидаттық орынға 170 өтініш түскен екен. Соның ішінде 3 саяси партия («Нұр отан», «Ақжол», ҚКП) мен 4 қоғамдық бірлестік ұсынған кандидаттар да бар.

Семейлік депутаттардың «тілі сынды»

-Бүгінгі күн тәртбінде қаралған мәселелер түгелдей қазақ тілінде талқыланды. Жалпы, мәслихат сессиясына ұсынылған жайлар бұдан кейін осы үрдіспен жалғаса беретін болады. Бөлім басшылары өздерінің саласына қатысты мемлекеттік және ресми тілде баяндамасын жасай алады,-дейді Д. Дайырова.

Семей қалалық мәслихатының бұған дейін өткен сессияларында депутаттардың мемлекеттік тіл қолданысына мүлде назар аудармайтыны туралы «Жас Алаш» тілшісі екі мәрте ақпарат жариялаған болатын. («Семейлік шенеуніктер мемлекеттік тілді менсінбейді», «Итім қазақша түсінеді, бірақ, айта алмайды»).

Фотолар автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.