Ұлыбритания қауіпсіздік министрі Бен Уаллес Ресей президенті Владимир Путин Солсбериде ресейлік экс-агент Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальді улауға тікелей жауапты екенін мәлімдеді.

Бен Уаллес BBC-ге берген сұхбатында Владимир Путин «Ресей президенті болғандықтан және оның үкіметі әскери барлау қызметін қаржыландырып, бақылап, бағыт беріп отыратындықтан» Скрипальдерге у беріп қастандық жасауға кінәлі екенін айтты.

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй кеше полиция мен прокуратура Скрипальдерге шабуылды ресейлік ГРУ әскери барлау қызметінің екі офицері Ресей жоғарғы билігі өкілдерінің тапсырмасымен жасағаны анық екенін айтқан.

Мәскеу бұған дейін улауға қатысы барын жоққа шығарған. Ресей билігінің кейбір өкілдері Ұлыбритания арнайы қызметі шабуылды Мәскеуге қарсы көңіл-күйді күшейту үшін өзі ұйымдастырған болуы мүмкін деп болжаған.

5 қыркүйек күні Ұлыбритания полициясы қастандық жасады деген күдікке ілінген Александр Петров пен Руслан Боширов есімді екі адамның суретін жариялаған. Тергеу тобының мәліметіне сәйкес, бұл екі адам Мәскеуден Лондонға 2 наурыз күні ұшып келіп, Скрипаль уланған 4 наурызда қайтып кеткен. 

Сергей Скрипальді 2006 жылы Ресей соты «Ұлыбритания тыңшысы» деп айыптап, 13 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. 2010 жылы Мәскеу АҚШ-та ұсталған ресейлік он агентті Ресейде Батыс мүддесі үшін тыңшылық етті деген айыппен сотталған төрт адамға алмастырған кезде солардың арасында Скрипаль да болған. Ол содан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан.

Қастандықтан соң Еуропа елдері мен АҚШ Ұлыбританияның шабуылды Ресей арнайы қызметі жасады деген позициясын қолдап, ресейлік дипломаттарды елден шығарған. Ресей де бұған жауап ретінде Батыс елдерінің ондаған дипломатын қайтарған.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.