Алматы облысында полицейлер соңғы тәулік ішінде өз мемлекетінде қылмыс жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеу жарияланған Өзбекстан Республикасының қос азаматын ұстады. Бұл туралы «Жас Алаш» сайтына Алматы облысы ІІД Баспасөз қызметі жеткізді.

Тәртіп сақшылары таратқан ақпаратқа сүйенсек, екі азамат Өзбекстан тарапы жолдаған бағдарға сәйкес анықталып, Іле және Талғар аудандарында қамауға алынған.

«Талғарда Хорезм облысының құқық қорғаушылары іздеу жариялаған Өзбекстанның 44 жастағы азаматы ұсталды. Сондай-ақ, Іле ауданының аумағында Хива аудандық сотының шешімімен өзбек әріптестеріміз тарапынан іздестіріп жатқан 24 жастағы жігіт қолға түсті. Ұсталған тұлғалар қамауға алынып, қылмыс жасаған орнына экстрадициялауды күтуде», – деп хабарлады Алматы облысы ІІД Баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, полицейлер Алакөл ауданында Қырғыз Республикасының тәртіп сақшылары іздеу жариялаған 34 жастағы отандасымызды шекаралас өзге мемлекетте ұрлық жасады деген күдікпен ұсталғанын атап өтті.

Фото: 24.kz

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.