Атырауда алты жыл бұрынғы қылмыс ашылды

1011

Ресейдегі «Хачатурян оқиғасы» Атырауда осыдан алты жыл бұрын қайталаныпты. 2012 жылы бір үйдің әйелі екі қызымен және туыс болып келетін бір жігітпен бірге 44 жастағы отағасын өлтіріп, жер үйдің ауласына көміп тастаған. Қылмыстық топтың әрекеті жаға ұстатарлық: олар алдымен үй иесін «демидрол» дәрісін беріп ұйықтатады, сосын бетін жастықпен жауып тұншықтырып өлтіреді, одан кейін аяқ-қолын бұтарлап, «душ саламыз» деген желеумен құрылысшыларға қаздырған шұңқырға көміп, үстінен бетондап тастайды! Содан бері бір үйлі жан сұраған жанның бәріне отағасының теріс діни ағымның жетегіне еріп, белгісіз жаққа кетіп қалғанын, анда-санда ақша жіберіп тұратынын айтып келіпті.

Уақыт өте келе кісі өлтіруге қатысқан туыстары сыбайластарынан ақша бопсалай бастаған. Әйел мен қыздары оның үстінен полицияға шағымданып, істі әрі қарай қазғанда сұмдық жайдың беті ашылады.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр, күдіктілер қамауға алынған. Алайда, марқұмның төбелерінен жай түскендей болған туыстары әлеуметтік желілер бетінде оны өлтірді деп айыпталған әйел адамдардың суреттерін жариялап, жерден алып, жерге салуда. Айтуларынша, осы уақыт аралығында олар бауырларын сұрастырып, ештеңеден күдіктенбестен оның отбасымен араласып тұрған. Виктория Шамшодинова «Фейсбук» парақшасында «Олар бізді алты жыл бойына алдап келді! Ағамыздың әйелі Юлия Шамшодинова біздің тегімізді алып жүруге лайықсыз, ал Кристина мен Софияны мен бұдан кейін сіңлілерім деп айта алмаймын. Бүгін Юлияның жиен інісі осындай ауыр қылмысты жасағанын мойындады… Алты жыл бойы біз ойымызға ештеңе алмастан оларға қонаққа барып келдік… бір дастархан басынан шәй іштік… бұл адамдардың түрлеріне қараңыздар (фото)… мен олардың түрмеде шіріп өлгенін қалаймын» деп жазған. Оның сөзіне пікір жазушылар Викторияның тергеу кезінде бәрін ашық жазуы заң тарапынан асығыстық екенін ескерткенмен, психологиялық тұрғыдан қатты ашуға берілген авторды түсінетіндіктерін және әділ шешімнен үмітті екендіктерін айтады.

Тағы бір деректер бойынша, қайтыс болған азамат ащы суға үйір әрі үй ішіндегі адамдарға тым жайсыз болған. Оның мүрдесін қазып алған туыс-туыстары қайтадан арулап жерлемек ниетте екен.

Фото: topwar

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.