Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жергілікті басшылар мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары, бірқатар шаруа қожалықтары жетекшілерімен жиын өткізді. Ол осы отырыста шет елдерге ет экспорттау мәселесін де айтты.

— Сіздер экспорттай бастадыңыздар. Бірақ оларға қандай ет керек? Шетелдіктер бет алды Қазақстаннан ала бермейді. Бір ғана мысал келтірейін. Құрбан айттың кезінде теледидардан көрдім. Араб елдерінде құрбандыққа шалатын қойларды көрсетіп жатыр. Қойларына қарасаңыз, қой емес модель просто! Біздің қойларды қараңыз, олардың қойларын қараңыз. Бізде бәрі кезінде асыл тұқымды деген қағазын алып алған. Біреуінде де асыл тұқымды ештеңе жоқ. Кезінде бәріне таратып-таратып жазып жіберген. Ол қағаз не үшін керек? Асыл тұқымды деген қағазы болса үкіметтен ақша алады. Ал ол расымен асыл тұқымды ма, басқа ма, тексеріп қарап жатқан ешкім жоқ. Есесіне не терісін, не жүнін, не етін ешкім алмайды. Ал бірақ пайдасы сол шаруашылықты басқарып отырған адамдардың қалтасында, — деді премьер-министр.

Бақытжан Сағынтаев Қытай мен Қазақстан басшылары ол елге Қазақстандағы барлық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға келіскенін, сауда кедергілері толығымен алынғанын да сөз етті. Ол Қытайға тауар өткізу үшін ол елдің ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын стандарттарын алып, оны қытай тілінен аударып, ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы «Қытайға өнім беретін болсақ, мынадай талаптарға сай болуларың керек» деп шаруашылық басшыларына таратқандарын айтты.

— Біз өнімімізді экспорттау бағытында өте тиімді аймақ саналамыз. Еуразиялық одақты айтпағанда, көршіміз Қытай, ұшақпен 2 сағатта жететін Үндістан, Иран — осы елдермен жұмысымызды ары қарай жандандыруға толық мүмкіндік бар. Сол себепті негізгі күштің барлығы осы бағытқа жұмсалуы керек. Осыған байланысты қойылып отырған талап – ауыл шаруашылығы саласын бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Сапалы өнім шығармасақ, біздің шығарған өнімімізді өзімізден басқа ешкім алмайды. Өйткені барлық ел ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттағысы келеді, — деді ол.

Сағынтаев Қазақстанның биыл ауыл шаруашылығына бөлінетін 11 түрлі субсидияны қысқартып тастағанын мәлімдеді.

— Оның есебінен 24 миллиард теңге шықты. Яғни тиімсіз жұмсалған субсидия – тиімсіз кеткен 24 миллиард теңге. Сол қаржы ешқайда кетпейді, субсидия алып отырған басқа салаға салынады. Келесі жылы тағы да 11 түрін қысқартамыз, тағы 24 миллиард теңге шығады. Яғни бір бағдарламаның ішіндегі қаржының өзінен 50 миллиард теңге қаржы көзі шығып отыр, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Нұрболат ӘЛДИБЕК,
Жамбыл облысы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.