Стокгольмде Telia (бұрынғы TeliaSonera) компаниясы бұрынғы басшыларының ісі қаралып жатқан сотта сотталушы Ули Туиманың адвокаты Ханс Станберг Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Ариповті сотқа шақыртатынын мәлімдеді.

Telia компаниясының бұрынғы бас кеңесшісі Ули Туима Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримоваға 400 миллион доллар көлемінде пара берген деп айыпталып отыр.

Адвокат Ханс Станбергтің айтуынша, Өзбекстанның іс басындағы премьер-министрі Абдулла Арипов Telia компаниясы Өзбекстанда жұмыс істей бастаған уақытта ақпараттық жүйек және телекоммуникация мәселелері бойынша вице-премьер қызметін атқарған. Дегенмен, адвокат осы уақытқа дейін өзбек үкіметінің басшысымен байланыс орната алмаған.

«Біз дербес тергеу жүргізіп жатырмыз. Бірақ онымен (Абдулла Ариповпен — ред.) байланысқа шыға алмадық. Ол ешкім пара бермегенін түсіндірсін» деді адвокат Ханс Станберг.

Өзбек премьер-министрін сотқа Швеция Бас прокуратурасы ғана шақыртуға құқылы. Бірақ швед прокуроры Гуннар Стетлер «бұл сұраққа әзірге жауап бере алмайтынын» мәлімдеді.

Стокгольмдегі сот 4 қыркүйекте басталды. Сотқа Telia компаниясының 2003-2007 жылдардағы қаржы директоры және вице-президенті болған Теро Кивисаари, компанияның бұрынғы атқарушы директоры Ларс Нюберг және еуразиялық бизнес бағыт бойынша бас кеңесші Ули Туима отырды.

Ендігі сот отырысы 19-21 қыркүйекте қайта жалғасады. Бұл күндері сотталушылардан жауап алынады.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.