Интерпол бұрынғы агент Сергей Скрипаль мен қызы Юлия Скрипальді улады деген күдікті ресейліктерді Лондонның көмегімен іздестіреді. Бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ұлыбританияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Карен Пирс мәлімдеді. Ол британ билігі ресейліктерді экстрадициялауды талап етпейтінін, себебі Ресей конституциясы ресейліктерді экстрадициялауға рұқсат бермейтінін айтты.

Пирс сонымен қатар Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Ресейге қарсы жаңа санкциялар салынуы мүмкін екенін хабарлағанын еске салды. Оның сөзінше, Скрипальге қастандық жасауға қолданылған удың «өте таза» болуы оның мемлекет бақылауымен жасалғанын айғақтайды. «Ресей билігі барлық нормалар мен фактілер бұрмаланған өзге әлемде жұмыс істейді» деді Карен Пирс. Ұлыбритания өкілінің сөзіне қарағанда, Лондон одақтастарымен бірге «барлау қызметі әлемдегі қауіпсіздікке қатер төндіретін елдерге» шара қолдануын жалғастыра береді.

Оқи отырыңыз: Ұлыбритания «Скрипальді улаған — ГРУ агенттері» деп біледі

Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензя жиында Лондонның «Скрипальге қастандық жасауға Мәскеудің қатысы бар» деген айыптауын жоққа шығарды. Оның сөзінше, күдіктілердің ресейлік ГРУ әскери барлау қызметімен байланысты екені және олардың Скрипальді улауға қатысы бары дәлелденбеген.

Небензя сонымен қатар Ұлыбритания Ресейге күдіктілердің виза мәліметтерін бермегенін хабарлады. Ол бұған қоса Лондонның Ресей дипломаттарын Скрипальмен кездестірмей отырғанын айтып, Ұлыбританияның уәжін «орыстарды жеккөрушіліктен туған» деп атады.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли британ билігінің Скрипальді улау ісіне қатысты тергеуін «тыңғылықты және шынайы түрде жүргізілген» деп атады. Хейлидің пікірінше, әлемдік қауымдастық Лондонға қастандыққа күдіктілерді табуға көмектесуі тиіс.

Сергей және Юлия Скрипальдер 4 наурыз күні Ұлыбританияның Солсбери қаласында ес-түссіз күйде табылып, ауруханада емделіп аман қалған. Ұлыбритания билігі олардың СССР тұсында әскери мқсатпен жасалған улы «Новичок» затынан уланғанын анықтап, бұған Ресейдің қатысы бар деп санайды.

Дереккөз:Азаттық радиосы

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.