Талдықорғандағы «VIP ZHETYSU» және Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасына түрлі жанрда жазылған 1600 дана жаңа кітап сыйға тартылды. 

Игі бастамаға әйгілі филолог-педагог, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар АРЫННЫҢ ұлы ғалым-хирург Нұрлан АРЫН, экономист, қоғам қайраткері Ерлан АРЫН және «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла ӘНЕС мырзалар жан-жақты қолдау көрсеткен. Шараны Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырып отыр.

Аймақтағы өңірлік коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Рүстем ҚАНАПИЯНОВТЫҢ айтуынша, онда жүзден астам автордың шығармасы қамтылған.  Жалпы құны 1 миллион 200 мың теңгені құрайтын бұл кітаптар «Арыс» баспасында жарық көрген.

Шарада Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарихи  мұраны қорғау бөлімінің басшысы Гүлмира МӘЛІКҚЫЗЫ сөз алып, қазір өңірде 268 кітапхана бар екенін, Жетісу жұрты үшін сүйіншілі жаңалық болған бұл рухани еңбектердің сол кітапханаларға үлестірілетінін жеткізді.  

«Жалпы 2006 жылдан бері  мәдени мұра бағдарламасы бойынша облыс әкімдігінің қолдауымен мәдениет саласына көп көңіл бөлініп келеді. Онда  жыл сайын Жетісу ақын-жазушыларының кітаптарын шығару, оларды насихаттау жүйелі түрде жолға қойылған», – дейді Гүлмира Мәлікқыз.

Айта кетейік, осы уақыт ішінде өңірдегі 370 қаламгердің 307 мыңнан аса кітабы басылып, кітапханаларға бөліген. Әрі бұл бастама әлі де жалғасын таба бермек. 

Фото: taldykorgan-online.kz

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.