Балтық бойы елдері Walmart-ты СССР белгісі бар тауарын сатпауға шақырды

56


Литва, Латвия және Эстония биліктері әлемдегі ең ірі сауда компаниясы — Walmart-ты СССР символдары бар ішкөйлек пен басқа да тауарларын сатылымнан алып тастауға шақырды. Бұл жайында Associated Press агенттігі хабарлады.

Литваның АҚШ-тағы елшісі Роландас Кришюнас Facebook-те жариялаған хатында СССР тұсында «орақ пен балғаны бетке ұстап» «талай жантүршігерлік қылмыстар» жасалғанын жазды. Хатта совет билігі қол астында болған жүздеген мың литвалықты қырғынға ұшыратып, азаптағаны, жер аударғаны айтылады. Елші осыған байланысты «жаппай қырғынды бейнелейтін футболкалар мен басқа да тауарлар сатылымнан дереу алынуы тиіс» екенін жазды.

BNS агенттігінің мәліметінше, Балтық бойы елдерінің депутаттары Walmart-қа жеке үндеу жолдап, компанияның «тоталитарлық режимнің құрбаны миллиондаған адамға құрмет көрсетпейтіні өкінішті жайт» екенін айтқан. Үндеу авторлары Walmart бұл ісі арқылы «тоталитаризм құндылықтарын насихаттау, адам құқықтарын бұзу және демократияны аяққа таптауға үлес қосып отырғанын» айтады.

Walmart өкілдері әзірге бұл өтінішке жауап бермеді.

Биыл мамырда Adidas спорт фирмасы совет символикасы бар қызыл түсті футболкаларды сатылымнан алып тастауға келіскен. Мұндай футболкалар Ресейдегі футболдан әлем чемпионаты қарсаңында сатылған еді.

Дереккөз:Азаттық радиосы

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.